«500 ғалым» жобасы аясында шетелде тағылымдамадан өтетін ғалымдарды іріктеу жалғасып жатыр, бұл туралы BAQ.KZ.
Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында бекітілген.
Жетекші мамандар мемлекет есебінен тағылымдамадан өтіп, әлемнің үздік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары мен салалық ұйымдарында бірлескен зерттеулер жүргізеді.
Халықаралық бағдарламалар орталығы өтініштерді қабылдауды және ғалымдарды іріктеуді өткізеді. Былтыр біз ғалымдарды іріктеудің жаңа ережелерін әзірледік. Осының арқасында комиссия құрамына инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторлары енеді, - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Тағылымдамадан өтуге арналған ұйымдардың тізімі халықаралық академиялық рейтингтердің топ-250 позициясына кіретін 416 шетелдік жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу орталығы мен салалық ұйымды көздейді.
Олардың ішінде Принстон, Йель, Токио университеті, Лондон империялық колледжі, Корей озық технологиялар институты, Сингапур физикалық-химиялық зерттеулер институты, сондай-ақ ірі корпорациялар - Майкрософт, Эппл Инк, Тойота групп, Самсунг және т.б. секілді жетекші ЖОО мен зерттеу орталығы бар.
Мемлекет тағылымдамадан өтушілерге тағылымдамадан өту, ұшу, медициналық сақтандыру шығынын өтейді, сондай-ақ ай сайын стипендияны төлейді.
Өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 15 наурызға дейін жалғасады, сондай-ақ 23 тамыз және 13 қазан аралығында өтеді.