Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шерзат ісі: Сотталушы Тоқтаубаев бұрын сотты болған

16 Мамыр 2025, 10:29
482
Бөлісу:
 Жоғарғы сот баспасөз қызметі
Фото: Жоғарғы сот баспасөз қызметі

Талғардағы атышулы істің сотында айыпталушы Азамат Тоқтаубаев Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сотта жауап беруін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азамат Тоқтаубаев басқа сотталушылармен байланысы жайлы айтты.

Тұрар Рысқұлов ауылының тумасы болғаннан кейін Нұрқияс Ілиясов көршім. Тай құлындай тебісіп, бала кезден бірге өстік, оны жасырмаймын. Сакиев Равиль, Ысқақ Думанды бала кезден танимын. Бұл жерде Дарханды (Әскентай) танымаймын. Қалиахмет Дидарды да танымаймын, көп араласпағанбыз. Дарханды соңғы бір жыл көлемінде танимын, - деді айыпталушы.

Азамат Тоқтаубаев оқиға болғанға дейін қайда жұмыс істегенін мәлімдеді. Бұған дейінгі мәлімдемесінде ол аспаз болғанын айтқан.

Көп жерде тұрғылықты да жұмыс істедім. Шаңғы тебетін жерде бақылаушы болып істедім. Жұмыс маусымдық болғаннан кейін жеке кәсіппен, саудамен айналысып, ұсақ-түйек үй тауарларын саттым. Кейін үйдің жанындағы қазақи моншада аспаздың көмекшісі болып еңбек еттім, - деп айтты Азамат Тоқтаубаев сотта.

Сөзінше, ол бұған дейін үйқамақта да болған.

Иә, мен үйқамақтағы бұлтартпау шарасын бұздым. Оны құқықбұзушылық деп танысаңыздар, таныңыздар. Өзім құқық бұздым деп есептеймін. Үйден шықпасам, ондай жағдай (Шерзат Болат өлімі – ред.) болмас еді, - деп айтты сотталушы.

Одан прокурор не үшін шыққанын сұрағанда, ауырып, дәріханаға бару қажеттілігі болған соң шыққанын айтты.

Одан бөлек соттылығыңыз болды ма? – деп сұрады прокурор.

Иә, соттылығым болды. Оны бұл іске қатысы жоқ деп есептеймін. Маған осы іс бойынша сұрақ қойыңыз, мен сізге толық жауап беремін, - деп жауап берді Тоқтаубаев.

Прокурор Дана Сәрсенбай сотталушылардың бұрынғы тарихы оның мінездемесі екенін жеткізді.

2023 жылдың 14 желтоқсанында мені Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) күдікті ретінде танып, екі айға қамауға санкция берілді. Осы уақыт ішінде Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болдым. Кейін жәбірленуші бұл іске менің қатысым жоқ екенін жазбаша түрде растады. Соның негізінде 2024 жылдың ақпан айында үйқамаққа ауыстырылдым. Тергеу жалғасқан кезеңде жаз бойы Талғар ауданының полициясына тұрақты түрде барып жүрдім. Кейінірек, тергеу органдары тағылған айыпты ҚК 106-баптың 2-бөлігіне (аса ауыр зардаптарға әкелген денсаулыққа қасақана зиян келтіру) қайта саралады. Ал 2024 жылдың 17 қазанында сот үкімі шығып, мен 7 жыл мерзімге бас бостандығымнан айырылдым, - деді ол.

Басты айыпталушы Шынасыл Шерзат Болатты өлтірді, оның ағасын өлтіруге оқталды және бұзақылық жасады деген күдікке ілінген.

Сотталушылар тізімі:

Белгожаев Шыңғыс Айдосұлы

Әскентай Дархан Баялханұлы

Ильясов Нұрқияс Төлетбекұлы

Сакиев Равиль Магамедович

Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы

Қалиахмет Дидар Еркінұлы

Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы

Ысқақ Думан Қайдарұлы

Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы

Өзгелердің жаңалығы