Бұл туралы Талдықорғанда өтіп жатқан сотта Алматы облысы Талғар ауданы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Әділжан мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жедел кезекшіден хабар түсті. Сол бойынша аудандық полиция басқармасына бардым. Оқиға бойынша қармағымдағы қызметкерлерді көтердім. Іс бойынша әрбір қызметкерге тапсырмалар бердім. Кейін өзім оқиға орнына бардым. Белгілеген жұмыс бойынша жұмыс істедік, - дейді ол.
Оқиға орнына соң Медет Әділжан жедел уәкілмен бірге ауруханаға барған. Онда (еск - Нұрқанат Ғайыпбаевтан) бейнетаспаға түсірілген сұхбат алынған.
Бізде бірнеше адамның суреті болды. Біз Ғайыпбаевтан танисың ба деп сұраған кезде ол танимын деп айтты. Әр суретті көрсеткен кезде мына азамат Шерзатты пышақтаған, мына азамат мені пышақтаған деп көрсетті.
Судья Ержан Жанұзақов нақты кімді көрсетті деп сұрады.
Ол нақты Шерзатты Шынасыл Абзал (пышақтаған) деп көрсетті, ал өзіне Тоқтаубаев қол салған азамат деп айтты. Сол азаматтардың суретін көрсетті, - деп жауап берді Медет Әділжан.
Еске салсақ, бұған дейін дүкенге қарсы үйде тұратын куәгер сотта жауап бергенін жаздық. Сондай-ақ сотта тағы екі куәгер жауап берді.
Белгілі болғандай, сотқа Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қайта шақырылады, өйткені қойылмаған сұрақ бар. Сотта марқұм Ғайыпбаев Шерзат пен өзін кім пышақтағанын айтқан видеосы көрсетілді.
Сот процесінде марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер ретінде танылған Самат Абдықадырдың беттестіру сәтінен видеожазба ұсынылды.