Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы жалғасын тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін айыпталушылардан жауап алынып жатыр.
Отырыс барысында басты айыпталушы Шынасыл Абзалдан жауап алынуда. Ол тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. Сонымен қоса ол бет-әлпетін көрсетуге рұқсат беріп, жасыратыны жоқ екенін алға тартты.
Оқиға болған түні кешкісін "Эйфория" кафесінде отырдық. Дастархан басында отырған кезде Нұрбол Тоқтаубаевтың телефонына қоңырау шалынды. Ол дос баласын ұрып кеткенін айтты. Кафе жабылғанша отырдық. Би алаңынан келгенде Азамат пен Шыңғыс Тоқтаубаевтың жоқ екенін байқадым. Не болғанын білу үшін сол жаққа барамыз деп шештік. Мен көлікке сыймай қалдым. Кафеге қайта кіріп едім, Талғат Әшірбаев деген танысымды көріп қалып, соған Менделеев көшесіне апарып тастауын өтіндім, - деп жауап берді айыпталушы.
Жолда оған Дана Жақсыгелдіден хабарлама келіп, төбелес болып жатқанын жеткізген. Осылайша, ол бірден төбелестің ортасына кіріп кеткен.
Ұзын бойлы, сақалды жігіт, яғни Нұрқанат Ғайыпбаев маған қарай жүгіріп келе жатты. Мен оны оң қолыммен ұрдым. Ол көрші тұрған дүкеннің маңында тұрған көліктен мылтық алып шықты. Бізге қарай қайта жүгіріп келіп, «Стоять» деп аспанға қарай оқтап атты. Құлағымның тұсынан оқ еткенін сездім. Балалар қаруын тартып алмақ болып оған жүгірді. Ол бермеді. Оның артынан жүгірдік. Одан кейін Шерзат Болаттың жерге құлағанын көрдім. Оның неден құлағанын білмедім. Бірақ барып тептім, ұрдым. Сол сәтте арқамнан біреу тартты, қарасам танымайтын Дархан Әскентай екен. Оны да танымағандықтан екі рет ұрдым, - деді Шынасыл Абзал.
Сондай-ақ ол марқұм Ғайыпбаевты пышақтағанын мойындады.
Пышақты ол (Нұрқанат Ғайыпбаев – ред.) жерде жатқан кезде жамбас тұсынан 1-2 сантиметрдей мөлшерде үш рет тықтым. Көлікке барып отырғанымда алдыңғы жақта жатқан мылтықты көрдім. Алдыңғы орынға Азамат Тоқтаубаев екеуміз отырдық. Дүкенге барған кезде Дана Жақсыгелді маған энергетик құйды, мен қол іздерін қалдырмау мақсатында пышақты сүрттім, - деді Шынасыл Абзал.
Сонымен қатар ол жолшыбай пышақты бір бөлек, қапшығын бір бөлек лақтырғанын мойындады. Ал пышақты қалтасына "қорғану үшін" салып алғанымен байланыстырды.