Шенеуніктер құны 2 АЕК-ге дейін сыйлық алғаны үшін 1,8 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

6 Сәуір 2021, 17:13
2317
Бөлісу:
Шенеуніктер құны 2 АЕК-ге дейін сыйлық алғаны үшін 1,8 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихаты кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

Ол әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нақты құрамы туралы егжей-тегжейлі айта келе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады.

Ол азамат өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса көзделген жауапкершілікке тоқталды.

Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады, - деп атап өтті Бектенов.

Ол, сондай-ақ, қазақстандықтардың заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін де айтты.

Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге. Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн теңгеден астам, - деді ол.

Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн теңге төлейді.

Қазір заңнамада сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді, - деді спикер. 

Ол сыйлық берушілерге арнаған сөзінде мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырды, өйткені мұндай әрекеттер берушілер үшін де, олар берген шенеуніктер үшін де теріс салдарға әкелуі мүмкін.


Өзгелердің жаңалығы