Шемонаиха халқы биылғы қыстан әупірімдеп шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Коммуналдық желілер нашар жағдайда болса да, суыққа шыдас берді. Мамандардың айтуынша, апатты инфрақұрылымды жөндеу қиынға соғуы мүмкін. Себебі, құбырлар жергілікті су арнасының меншігінде. Ал кәсіпорын қарызға батқан.
Келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастап жатырмыз. Қазіргі уақытта толығымен жер жұмыстары аяқталды. Техникалық жағдайды тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін бағасын анықтаймыз, бюджеттік өтінім береміз, - деді ШҚО Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.
24.kz-тің хабарлауынша, 40 мың халыққа қызмет көрсететін коммуналдық кәсіпорынның мойнында 1 млн теңгеден артық қарыз бар. Су арнасы бұл соманы жұмысшыларға беруі тиіс. Сондықтан, жылу трассасын қалпына келтіруге қаражат жоқ. Бұл іске мемлекеттік мекемелер араласып жатыр.
3,6 млрд теңге болатын жылу желілерін реконсрукциялау және жөндеу бойынша төрт жобаны іске асыру жоспарланып жатыр. Оған республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Осы жобалар келесі жылы бітетін болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жалпы құны 21,2 млрд теңге болатын су сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша іске асыруға бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінген, - дейді ШҚО ТҮКШ, Энергетика және құрылыс басқармасының бөлім басшысы Рауан Тұрысбек.
Шаһардағы тозығы жеткен инженерлік желілердің үлесін азайту үшін тарифтік жоспар қайта есептеледі. Коммуналдық қызмет құны соңғы төрт жылда қаралмаған. Мамандардың айтуынша, «Инвестицияға айырбас тарифі» саясатына көшсе, қаладағы апатты құбырлар көрсеткішін жыл сайын 2%-ке азайтуға болады.