Шекті балды жинамаған «Алтын белгі» иегері үшін директор жауапқа тартылады – Аймағамбетов

17 Мамыр 2022, 15:57
2935
Бөлісу:
Шекті балды жинамаған «Алтын белгі» иегері үшін директор жауапқа тартылады – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов «Алтын белгі» иегерлері білімін ақтай алмаса, мектеп директоры жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Биыл «Алтын белгі» иегерлерінің тестілеу нәтижелері бойынша талдау жасаймыз. Бұл талдау Ұлттық бірыңғай орталығы жасайды. Мысалы, «Алтын белгіні» алып тұрып, шекті 50 балды ала алмайтындар болса, онда мектептің басшылығы жауапкершілікке тартамыз. «Алтын белгі» иегерлерінің мектепте емтихан тапсырып, академиялық адалдық қағидаттарын ұстанып, оны қамтамасыз ету жұмысы біздің бақылауымызда болады, - деп түсіндірді еліміздің бас ұстазы.

Аймағамбетов жоғарыда айтылған мәселеге Білім басқармалары, Білім бөлімдерінің назарын аударды.

Ертең «естімедік, білмедік» деген мәселелер болмасын. Мектептің басшылығын осы мәселелер бойынша тікелей жауапкершілікке тартып, жұмыстан шығаруға дейін барамыз. Соған дайын болыңыздар, - деп айтты Білім басшысы аппарат жиналысында.

Еске сала кетейік, биыл түлектерге негізгі ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік берілді. Талапкерлер үздік нәтижесі арқылы грантты тағайындау конкурсына қатыса алады.

Өзгелердің жаңалығы