Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2026 жылдың мамыр айындағы қызмет қорытындыларын жариялады. Ведомство мәліметінше, мемлекеттік шекараны күзету және қорғау барысында құзырлы органдармен бірлесіп ауқымды жұмыстар жүргізілген.
Мамыр айында шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 3 881 адам ұсталды. Олардың 1 125-і – шетел азаматтары.
Сондай-ақ мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 180 фактісінің жолы кесілді. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 41 есірткі тасымалдау дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз алып өтудің 61 фактісі анықталды. Тәркіленген заттардың қатарында 2 атыс қаруы, 42 суық қару және 118 оқ-дәрі бар.
Шекарашылар көлемі 85 тоннадан асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз өткізудің 406 фактісін анықтады.
Сонымен қатар жалпы құны 665 миллион теңгеден асатын халық тұтыну тауарларын тасымалдаудың 526 заңсыз әрекеті тоқтатылды. Ал шетел валютасын заңсыз алып өтудің 146 фактісі тіркеліп, олардың жалпы сомасы шамамен 1,5 миллиард теңгені құрады.
Каспий теңізінің қазақстандық секторында браконьерлікпен айналысудың 12 фактісі анықталды. Нәтижесінде браконьерлік құралдар мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Алдын алынған шығын көлемі 210 миллион теңгеден асты.
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша өз құзыреті шегінде 62 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қалған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданған.