Шекара қызметіндегі арулар

7 Наурыз 2024, 09:09
583
Бөлісу:
Шекара қызметіндегі арулар
PHOTO
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Әскери өмір қыз баласы үшін ауыр дегенімізбен де, сол саланы жанына серік еткен жандар қаншама!? Ерлермен қатар сапта тұрған, Отанға адал, антына берік әйел қауымы бар құрметке лайық. Оған дәлел ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің арулары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бір ғасырлық тарихы бар Жаркенттегі шекара қызметі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған мақсат-міндеттерін жоғары дәрежеде атқарып келеді. Отанымыздың қауіпсіздігі үшін күн-түн демей қызмет етіп, ел шебін мызғымай күзетуде. Бұл қатарда ерлермен бірлесе еңбек етіп, саланың ілгерлеуіне үлес қосып жүрген арулар қаншама?! Біз бүгін солармен тілдесіп, қиын да қауіпті жолды таңдаған сұлулардың өміріне үңілдік.

Жиырма жылға жуық уақыт шеңберінде әскери қызмет еткен майор Жұлдызай Қапанова 2004 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне шақырылады. 2005 жылы комитеттің әскери институтын тәмамдап, шекара бақылау маманы болады. Бала күнгі қызығушылығынан туған мұратына осылай қол жеткізген кейіпкеріміз 18 жылын Жаркент қаласындағы 2091 әскери бөліміне арнайды.

Шекара қызметіндегі арулар

2000-жылдардың басында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шет тілін білетін мамандар ауадай қажет болды. Ағылшын тілін еркін білгендіктен, сол салада қызмет ететін ағам әскери институтта оқуыма ұсыныс тастады. Өзі де қызығып жүрген едім, бірден келістім. Ауыртпашылығы да болды, дегенмен Отан алдындағы борышын сеніміңді қанаттандырады екен. Әйел ретінде мемлекет тарапынан құрметке ие болдық, - дейді Қапанова.

1924 жылы көктемде Жаркент шекара отряды толық жасақталып, Жоңғар Алатауының теріскейіндегі Лепсі өңіріне дейін, күнгей бөктерлерінен Тянь-шянь тауларына дейінгі аралықты күзетуге кіріседі. Бүгінде электрондық-ақпараттық кешен, радиолокациалық стансия, қуатты жарық түсіргіш, тікұшақ пен ұшақтар, катерлер кеңінен қолданылады. Замануи байланыс құралдары бөлімдерді бір орталықтан басқаруға мүмкіндік береді. Қызметтік иісшіл иттер мен жылқылар шекарашының айнымас көмекшілеріне айналған.

Ал майор Лаура Сакипова болса, отбасы әскери саланың адамдары болғандықтан осы жолды таңдаған екен. Кішкентай күнінен-ақ әкесіндей әскери киім киюді ұнатып, қасынан ұзамаған. 2 жасынан 7 жасына дейін балалық шағы Памир тауларының етегінде өтеді.

Шекара қызметіндегі арулар

Әкем Ерлан Сакибаев әскери қызметін Зайсан қаласындағы шекара аймағында бастаған. Менің екі жасымда әкемді интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстанға әскери қызметке ауыстырды. Соған байланысты біз отбасы Тәжікстан жеріндегі Мургаб шекара отрядына қоныс аударды. Мен сондағы балабақшаға бардым, - дейді Сакипова.

Оның айтуынша, 1989 жылы Ауған соғысы аяқталған соң, отбасымен Алматы қаласындағы Боралдай елді мекеніне көшіп келеді. Әкесі 2077 әскери бөлімінде қызмет етеді. Өзі Боралдай әскери қалашығында орналасқан №23 орта мектебінде оқиды.

Естеріңізде болса, 2000 жылдары Ұлттық қауіпсіздің комитеті Әскери институтында алғаш рет қыздар факультетін ашады. Майор Сакипова сол оқу орнының алғашқы түлегі. Әке жолын жалғау үшін сонда жоғары балмен оқуға түсіп, үздік аяқтап шығады.

2000-2004 жылдар аралығында оқу барысында әскери институттың қоғамдық өміріне белсене араластым. «Курсанттық өмір» әзілқой конкурсында республика бойынша тұңғыш әйел-генерал рөлін сомдап, Гран-при иелендім. Жайдарман ойындарын ойнап, ТМД мемлекеттерін араладық. Сөйтіп, әскери офицерлік «лейтенат» атағын алып, «шекара бақылау маманы, референт-аудармашы» мамандығын алдым, - дейді майор.

Бүгінде жолдасы Тахир Иманбеков екеуі әскери салады қызмет етеді. Ұлдары Болатты да ұлтжанды етіп тәрбиелеуде. Осы ретте айта кетейік, нағашы атасы немересін Ауғанстан соғысында бірге болған, жан досы Болат Жакуповтың құрметіне осылап атапты.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген майор Нұргүл Аляуова неміс тілінің маманы. Ол да комитеттің ұсынысымен 2002 жылы әскери институтқа түскен. Содан бері осы салада. Бүгінде бірнеше мемлекеттік наградаларды иеленген.

Шекара қызметіндегі арулар

Мен таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Осы саланың тұтқасын ұстап жүргеннен кейін ең алдымен елдің абыройы тұрады санамызда. Әрине, қыз баласы үшін оңай емес, әйтсе де жаныңа жақын жұмыс істегенге не жетсін? Әуелде жүрексініп, қалай болар екен деп алаңдағаным рас, кейіннен өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілі бар. Сол секілді тәртіпке бағынып, елге қызмет етіп жатырмыз, - дейді Нүргүл Аляуова.

Жалпы, жыл өткен сайын ел шебін күзеткен бөлімдер мен бөлімшелердің әскери қуаты арта түсуде. Қыз-келіншектер де осы саланың жетекші мамандарына айналып келеді. Олар халықаралық терроризм мен сепаратизм өршіп тұрған заманда бейбіт тұрғындарға қауіптің артқанын терең түсінеді. Сондықтан әскери дайындығын тұрақты шыңдап, өздерінің жауынгерлік парызын адал атқарып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы