Қазақстан хоккейшілерінің сенсациясы жалғасып жатыр. Олимпиаданың күміс жүлдегерін жеңді

26 Мамыр 2021, 21:34
2775
Бөлісу:
Қазақстан хоккейшілерінің сенсациясы жалғасып жатыр. Олимпиаданың күміс жүлдегерін жеңді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Хоккейден Латвия астанасы Ригада өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнінде Германияны жеңді.


Осыдан үш жыл бұрын Қысқы Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болған Германия әлем чемпионатын да сәтті бастаған. А тобында Норвегия, Канада, Италия құрамаларынан басым түскен. Сөйтіп, 9 ұпаймен бірінші орынға шыққан. 

Матчта есепті Қазақстан құрамасы ашты. 27-минутта ардагер ойыншы Александр Шин мергендігімен көзге түсті. Иван Степаненко мен Егор Шалапов ассиенттік жасады. 

Бірақ одан кейін Германия белсенділік танытып, бірден екі шайба соқты. 

Үшінші 20-минуттықта Павел Акользинге қарсы немістер тәртіп бұзды. Айып соққысы белгіленді. Буллиттен команда капитаны Роман Старченко таразы басын теңестірді. Ал шешуші голды қазақстандықтар 56-минутта кіргізді. Алексей Маклюковтың пасынан кейін Акользин командаға жеңіс сыйлады.

Осылайша отандастарымыз 4 турдан соң, 2-орынға көтерілді.⠀

Енді Қазақстан құрамасы 28 мамыр күні Канадамен кездеседі. Одан кейін 29 мамырда Италиямен, 31 мамырда Норвегиямен жолығады. Плей-оффқа төрт мықты өтеді.

Бұған дейін Юрий Михайлис шәкірттері сенсация жасап, топтың фавориттерін жеңген.  Алдымен турнир қожайыны Латвияны, одан кейін қазіргі әлем чемпионы Финляндиядан басым түскен.  Бірақ үшінші турда АҚШ-қа есе жіберді.


Қазақстан – Германия – 3:2 (0:0, 1:2, 2:0) Шайба:
1:0. 26:39 Шин (Степаненко, Шалапов). 
1:1. 29:38 Кюнхакль (Ридер). 
1:2. 34:07 Айзеншмид (Лойбль, Зайдер). 
2:2. 40:31 Старченко. Буллит
3:2. 55:42 Акользин (Маклюков).
Өзгелердің жаңалығы