Шаш ал десе, бас алады. Депутат артық әрекетке баратын полицейлер туралы айтты

10 Мамыр 2023, 10:39
1486
Бөлісу:
Шаш ал десе, бас алады. Депутат артық әрекетке баратын полицейлер туралы айтты
Фото: BAQ.KZ

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан журналистерге көрсетіліп жатқан қысым көрсету мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осыған қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан сұрады.

Менің сұрағым заңнамаға қатысты емес. Қазіргі қоғам белсенділеріне қатысты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Әрине, тәртіпті бұзғандар әртүрлі жағдайда заңмен жауап беруі керек. Бірақ жекелеген журналистің қызметіне қатысты түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Өткен аптада Еренғайып Қуатаев деген азамат, талантты журналист, Бостон, Лондон, Токио марафондарында жүгірген. Осы жолы оны Алматыдан ұшып келіп, Қарағандыға бара жатқан жерінен ұстап алып, 4,5 сағат ұстап, қолынан із алған. Ол - саясатқа қатысы жоқ азамат. Бұл - жекелеген бір ғана мысал. Әртүрлі мысалдар бар. Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан үлкен реформалары бар. Осының барлығын жуып-шайып, түрлі қоғамдық пікірлер тудырып, кейде ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің «шаш ал десе, бас алып» кететін артық қадам жасайтын жағдайлар бар, - деді депутат Жанарбек Әшімжан Мәжілісте.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов депутаттың сұрағына жауап берді.

Әр деректі жеке қарау керек, егер де сол жерде тиісті заң бұзу болса, ол тиісті жауапкершілігін алуы керек. Бір-бірімізге пәле жаппай, егер ол кінәлі болса, жазасын алады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан заң аясында жұмыс істеуіміз керек, - деп жауап берді Ахметжанов.

Өзгелердің жаңалығы