Шарлапаев: Бүгінде әкімшілік даулардың 50 пайыздан астамы бизнес пен азаматтардың пайдасына шешіледі

Салық және кеден дауларын әкімшілік сот ісін жүргізу аясында сақтап қалу мүмкін болды.

 gov.kz Бүгiн 2026, 15:54
Бүгiн 2026, 15:54
166
Фото: gov.kz

Қазақстанда әкімшілік әділет институтының енгізілуі кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы маңызды тетіктердің біріне айналды. Бұл туралы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әкімшілік әділет институты жұмыс істеген бес жыл ішінде мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы дауларды қарау жүйесінде елеулі өзгерістер болды.

Бұл реформа енгізілгенге дейін сот істерінің небәрі 15 пайызы ғана бизнес пен азаматтардың пайдасына шешілетін. Қазір бұл көрсеткіш 50 пайыздан асты. Қаралған істердің жартысынан көбі бизнес пен азаматтардың пайдасына аяқталып жатыр. Бұл – реформаның өте үлкен нәтижесі, – деді Шарлапаев.

Салық және кеден даулары әкімшілік әділет жүйесінде сақталды

«Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы 2025 жылы салық және кеден дауларын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің аясынан шығару жөнінде бастамалар көтерілгенін еске салды.

Алайда оның сөзінше, Президент пен Жоғарғы соттың қолдауының арқасында бұл санаттағы істер бұрынғы мәртебесін сақтап қалды.

Мемлекет басшысы мен Жоғарғы соттың қолдауының арқасында бұл рәсімдер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің аясында қалды. Бұл да қорғау тетігінің бірі. Бизнес әкімшілік әділет институты арқылы мемлекетпен тең құқықтық алаңда пікір алмасуға мүмкіндік алды, – деді ол.

Шарлапаевтың пікірінше, салық және кеден дауларының әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сақталуы кәсіпкерлер қауымдастығы мен инвесторларға маңызды белгі болды.

Әкімшілік әділет инвестицияларды қорғауды күшейтті

«Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы инвестициялар мен бизнестің мүддесін қорғаудағы маңызды қадам болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен туындайтын дауларда өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін қосымша құқықтық құралдарға ие болды.

Әкімшілік әділет институты – инвестицияларды қорғау тұрғысынан да, бизнес мүддесін қорғау тұрғысынан да өте маңызды қадам, – деді Шарлапаев.

Бизнес Кәсіпкерлік кодексінің қолданылу аясының тарылуына алаңдайды

Журналистермен әңгіме барысында ҰКП басшысы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мәселелеріне де тоқталды.

Оның айтуынша, соңғы жылдары 18-ден астам сала Кәсіпкерлік кодексінің қолданылу аясынан шығарылған.

Бұл мемлекеттік органдардың тексеру жүргізу өкілеттігінің кеңейгенін білдіреді. Оның үстіне мұндай тексерулердің барлығы бірдей тиісті органдарда тіркелуді талап етпейді, – деп түсіндірді ол.

Шарлапаев мұндай өзгерістер инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу жағдайына оң әсер етпейді деп есептейді. 

Наверх