Шахтадағы апат: Қарағанды облысының әкімі қаза тапқан кеншілердің үйлеріне барды

29 Қазан 2023, 17:12
895
Бөлісу:
Шахтадағы апат: Қарағанды облысының әкімі қаза тапқан кеншілердің үйлеріне барды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі Костенко атындағы шахтадағы жарылыс кезінде көз жұмған кеншілердің үйіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі күнді қайтыс болған кеншілердің туыстары мен жақындарына барудан бастадым. Оларға көңіл айтып, қолдау білдірдім. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі отбасыларға материалдық қолдау мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және өзге де қажетті көмек көрсету шараларын іске асыру үшін жедел тәртіпте жұмыс жасап жатыр, - деп жазды аймақ басшысы желіде.

Бөлекпаев әр отбасы көтерген мәселелер жекелей шешілетінін айтты және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында деп сендірді.

Мен сіздерді қабылданған шаралар туралы хабардар етіп отырамын, - деп уәде етті Ермағанбет Бөлекпаев.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.

Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.

Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылды, 5 кеншіні іздеу жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы