Алматыда шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ерлер арасындағы чемпионаттың төрт жеңімпазы және әйелдер арасындағы турнирдің екі жеңімпазы ФИДЕ-2023 Әлем чемпионатына жолдама алды.
Айта кетейік, чемпионаттың онлайн көрсетілімі рекорд жаңартқан. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрермендер саны күніне 100 000 адамға жеткен.
Турнир қонақтары ұйымдастырудың жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Турнир барысында бірде-бір шағым түспеді, керісінше шетелдік және отандық шахматшыларымыздан жылы лебіз естідік. Барлық туындаған мәселе өте жедел шешіліп отырды. Қазақстан шахмат федерациясының командасы күн сайын таңғы сағат 7:00-ден түн ортасына дейін жұмыс істеді. Ең қызығы чемпионаттың онлайн көрсетілімі рекорд жаңартқан, көрермендер саны күніне 100 000 адамға жеткен. Біздің спортшылар турнирде өте лайықты өнер көрсетті, – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетқызы.
Классикалық шахматқа келетін болсақ, мықты қарсыластардың көптігіне қарамастан, біздің шахматшылар да жеңіс тұғырына көтерілді.
Ерлер арасындағы турнирде «алтын» Өзбекстаннан келген қонағымыз Шамсиддин Вохидовке бұйырды. Екінші орынды ирандық Бардия Данешвар иеленді, үшінші жекпе-жекте қола медалді қазақстандық жас шахматшы Әлішер Сүлейменов жеңіп алды.
Қыздар арасында біздің спортшылар үздік 5 ойыншының қатарына енді. Ксения Балабаева мен Амина Қайырбекова 4-ші және 5-ші орынды иеленді. Сонымен бірге Азияның «шахмат тәжін» Дивье Дешмух Үндістанға алып кетті. Күміс медаль үндістандық шахматшы Мари Анн Гомес, ал қола моңғолиялық Батхуягийн Монгонтуулға бұйырды. Азия чемпионаты аяқталғанымен қазақстандық шахмат әлеміндегі жарқын оқиғалар жалғаса бермек. Алда Ақтөбедегі турнир, Ақтаудағы жалпы білім беретін мектептер арасындағы әлем чемпионаты, басқа да турнирлер күтіп тұр. Өткен сәуірде Астанада шахмат тәжі үшін ерекше матч өтіп, онда Дин Лижен табанды күресте Ян Непомнящийді жеңген болатын. Қазақстан әлемдегі шахматтың басты орталықтарының біріне айналып келеді. Біз жанкүйерлеріміздің қолдауын асыға күтеміз, отандастарымыз үшін бірлесе жанкүйер болайық! Шахматшылар елімізді әлемге әйгілі ете берсін, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетқызы.