ШҚО-да биыл 2 мыңнан астам адам бизнестің қыр-сырын меңгереді

2 Шілде 2020, 11:42
1591
Бөлісу:
ШҚО-да биыл 2 мыңнан астам адам бизнестің қыр-сырын меңгереді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс Қазақстанда 2 мыңнан астам адамды бизнестің қыр-сырына оқыту жоспарланған.

Маусым айының бірінші онкүндігінде бастау алған "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша 2350 тыңдаушыны бизнестің қыр-сырына оқыту жоспарланған. Тұрғылықты жерлері бойынша облыстық Кәсіпкерлер палатасының 10 бизнес-бапкеріне бекітілген олар қазіргі уақытта кеңестерін онлайн режимде алуда.

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқыту 10-30 маусым, 6-26 шілде, 28 шілде –17тамыз, 19 тамыз – 8 қыркүйек, 10-30 қыркүйек аралығында бес кезеңмен өткізіледі. Бірінші кезеңде Atameken Academy және Openstudy.kz сайттары арқылы облыстың аудан, қалаларынан 1279 адам адам тіркелді. Тыңдаушылар тұрғылықты жерлері бойынша 100 адамдық топтарға бөлініп, оларға 10 бизнес-бапкер онлайн кеңестер беруді бастап кетті. Тыңдаушылар 50 сабаққа бөлінген 12 тақырыптық модульдерден өтіп, 12 рет тест тапсырады.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, сабақтар тақырыбымен бизнес ғылымын экспресс форматта меңгеруге мүмкіндік беретін барлық салалар қамтылған екен. Атап айтсақ, олардың қатарына әлеуетті бизнес-жобалар мен әлі де игерілмеген салалар, сату жолдары, ШОБ-ты қолдау бағдарламалары, бизнесті несиелендіру, кәсіпкердің бизнес-ойлау қабілеті, менеджмент негіздері, ұжымды басқару, бизнес-жобалардың пайдалы жақтарын зерделеу, бизнес жоспарлау, маркетингтік зерттеулер, сауда-саттық техникалары мен каналдары, бизнесті әлеуметтік желілер арқылы SMM-қолдау, мерчендайзинг негіздері, қаржылық сауаттылық, жобаға инвестиция тарту, бизнесті құқықтық қолдау, дайын өнімді сертификаттау, салықтық міндеттемелер мен салықтық режим, бухгалтерлік есеп негіздері, бизнеске арналған электронды қызметтер, сатып алуларға қатысу, ерекше бизнес-презентация, іскерлік келіссөздер мен басқа да салалар кіреді.

Ақпарат тез меңгерілуі үшін видеосабақтар, слайдтар, конспектілер, презентациялар, сондай-ақ саланың мамандарымен вебинарлар, технолог мамандармен шеберлік сағаттарын өткізу әдістері қолданылуда. Ал өткен тақырыптарды есте қалдыру үшін тыңдаушылар тапсырмалық жұмыстарды орындайды. Өздері тұрып жатқан аудандардың бизнес әлеуетін ескеріп, өз мүмкіндіктерін алдын-ала болжау үшін, және де болашақта қандай мөлшердегі несиеге үміт арта алатынын білу үшін тыңдаушыларға онлайн-скорингтен өтуге мүмкіндік жасалған.

Бұдан бөлек, әр бизнес-бапкердің оқытуға деген өз әдісі бар. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Мысалы, Үржар және Бесқарағай аудандары бойынша белгіленген бизнес-бапкер Сәуле Садықова өзінің әр күнін мейілінше пайдалы етіп бөліп қойған. Таңнан түске дейінгі уақыт аралығында ол порталда жұмыс істеп, тыңдаушылардың сауалдарына жауап беріп, тыңдаушылардың орындаған жұмыстарын тексерсе, түстен кейін WhatsApp қосымшасы арқылы оларға жекелеген кеңестер берумен айналысады.

Менің тобымда ерлер мен әйелдер саны бірдей. Олардың көпшілігі жалынды жастар. Жалпы, тыңдаушыларым түрлі жастағы және білімдері әртүрлі адамдар. Олардың барлығы курсты аяқтаған соң «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін 200 АЕК мөлшеріндегі грантты алуға ниетті. Көпшілігі ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнесті, атап айтсам, мал сатып алып санын көбейтуді мақсат етуде. Араларында бүгінде бизнестері бар, бірақ оны ары қарай кеңейтуді ойлағандары да жоқ емес. Кейбір жас қыздар ұлттық киім тігіп, соны табыс көзіне айналдыруды ойлауда, - дейді Сәуле Садықова.
Оқыту курсы аяқталған соң тыңдаушыларға қорытынды тестілеуден өту ұсынылады. Онда барлық 15 сұрақтың 9-на жауап беру қажет. Тек сонан соң ғана бизнес-жоспардың конструкторы қолжетімді болып, тыңдаушылар оған өздері туралы шынайы деректерді толтыра алатын болады. Бір апта көлемінде олардың бизнес-жоспарлары баллдық бағалау жүйесі арқылы бағаланады. Курсты тәмамдағаны туралы сертификатты алудың ең төменгі мөлшері 18, ал ең жоғарғысы 30 баллды құрайды.

Ал шекті балды ала алмаған  қатысушыларға "Бизнес Бастау" жобасына қатысқандығын білдіретін сертификаттар табысталады.
Өзгелердің жаңалығы