- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Сертификат көп, білім аз»: Сарапшы мұғалімдердің біліктілігі жүйесіне қандай өзгерістер керегін айтты
«Сертификат көп, білім аз»: Сарапшы мұғалімдердің біліктілігі жүйесіне қандай өзгерістер керегін айтты
Мемлекет басшысы елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесін сынға алған болатын.
3 Қыркүйек 2026, 15:29
Жақында өткен Тамыз конференциясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерге қатысты бірнеше мәселе көтерді. Солардың бірі – ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі. Бірақ президент осы салада реформа жасаймыз деп бүкіл оқу жүйесін аз уақыттың ішінде түбегейлі өзгертіп жіберуге болмайтынын атап өтті. Білім саласындағы сарапшы Айдос Жұманазар қазіргі курстардың мазмұны мен сапасы педагогтердің кәсіби дамуына әрдайым тиімді әсер ете бермейтінін айтады. Білім саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы сарапшы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбаты барысында пікір білдірді.
Президент не деген еді?
Жыл сайын өтетін Тамыз конференциясында президент мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аудару керегін айтты.
Бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, - деді Мемлекет басшысы.
Білім саласында 16 жылдан бері жүрген тәжірибелі сарапшы Айдос Жұманазардың сөзінше, қазіргі таңда педагогтердің біліктілігін арттыру – өзекті, қордаланған мәселе болып отыр.
Бұл туралы президенттің өзі де атап өтті. Қазіргі жүйенің ең негізгі кемшілігі – педагогтердің пәндік құзыреттілігін өлшеуге арналмаған. Мысалы физика пәнінің мұғалімі расында физиканы түсініп оны өзгелерге түсіндіре ала ма, жоқ па – оны өлшемейді. Сыныпқа келген, физика пәнінің сабағына кірген оқушы мұғалімнің пәндік құзыреттілігіне байланысты одан білім алады. Пәндік құзыреттілігіне байланысты одан білім алады. Ал енді мұғалім өзі физиканы түсінбейтін болса, физикадан өзі есеп шығара алмайтын болса, ол оқушыға не береді? Бұл жердегі ең үлкен мәселе осы, - дейді сарапшы.
Айдос Жұманазардың айтуынша, мұғалімдерден мектептегі пәндік құзыреттілігі сұралмағандықтан, одан портфолио, мақала жазуы, конференцияға қатысуы, ашық сабақ өтуі сұралғандықтан, олар тек қана осы нәрсеге назар аударады да, оқушыларға сабақ беру, өзінің пәнін жетік меңгеру деген нәрселерді екінші орынға қалдырады.
Қазақстанда қазіргі кездегі ең үлкен мәселе – мұғалімдерден біз пәндік құзыреттілігіне қатысы жоқ басқа нәрселерді талап етуіміз. Өкінішке қарай, қазіргі ведомство жауаптылары да дәл осы мұғалімнің пәндік құзыреттілігінен айналып өтіп, басқа нәрселерді өлшеуге, мұғалімнен басқа нәрселерді талап етуге кірісіп кеткен. Сондықтан да бұл бізде түбінде жақсылық алып келмейді. Бұның соңы үлкен зардап алып келуі мүмкін. Оның үстіне бұл жерде тағы бір нәрсені біз жақсы түсінуіміз керек. Мысалы, Қазақстанда басым көпшілік мұғалімдер – әйел кісілер. Ал ол кісілердің басым көпшілігі тұрмыста. Ал тұрмыста болған кісі декретке шығатын болса, бір жылдан кейін, екі жылдан кейін, үш жылдан кейін қайтадан мектепке оралған кезінде өзінің пәнін ұмытып қалады, - дейді маман.
Бұл жердегі ең үлкен мәселе – мұғалімдер өзінің пәнін үнемі қайталап отыру керек, өзін үнемі жетілдіріп отыру керек және ведомство жауаптылары да, яғни министрлік те осыны мұғалімнен талап етуі керек.
Сонда ғана біліктілік шынында да өзінің жемісін береді. Одан бөлек, бізде Қазақстанда қазір, өкінішке қарай, мұғалімдердің көп аудандарда 50 пайызынан астамы оқуды сырттай бітірген. Олар мектепте де ол пәнді меңгермеген. Бұрын университетте де пәнді меңгермеген. Қазір мектепте жүрген кезінде де оны қайталауға, үйренуге, өзін дамытуға уақыты жоқ, - дейді сарапшы.
Себебі, Айдос Жұманазардың сөзінше, мұғалімнің алдында қағазбастылық, ашық сабақ, әдемі, шоу сабақтар жасау, конференцияға қатысу мәселесі тұрады. Салдарынан мұғалімнің өзінің пәнін жетілдіруге уақыты болмай қалады.
Сондықтан бізде бірінші кезекте сырттай бітіріп келгендердің үлесі көп. Екінші кезекте пәні жақсы болса да, ол декретке барып келгеннен кейін екі жыл, үш жылдың ішінде кез келген пәнді ұмытып қалады. Тіпті қазақ тілі мұғалімі қазақ тілінің ережелерін, өзінің біліктілігін ұмыта бастайды. Сондықтан да біз бұл жерде бүкіл фокусты, назарды мұғалімнің пәндік құзыреттілігіне қоюымыз керек және мұғалім өзінің пәнін қаншалықты білетінін өлшеуіміз керек. Ал мұғалімнің керемет ұйымдастырушы болғанынан, оның керемет ашық сабағы өткенінен немесе оның керемет конференцияларға қатысқанынан, өзінің тәжірибесін керемет бөліскенінен оқушыға аса бір қатты пайдасы жоқ, - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, мақсатты дұрыс қоя білу маңызды.
Сондықтан да біз тақырыптан ауытқып кетпей, басқа нәрселерімен шұғылданып кетпей, нақты осы пәндік құзыреттіліктерге көңіл бөлуіміз керек. Қазір бізде бүкіл жалпы мұғалімдердің арасында болып жатқан даулы мәселе осы, - дейді маман.
Сонымен қатар, сарапшы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған «Өрлеу» орталығы туралы да ойын айтты.
Біліктілікті арттыру курстары қазіргі кезде басым көпшілігі «Өрлеу» орталығымен жасалады. Одан бөлек те жекеменшік ұйымдар бар. Олардың бағдарламаларын да мен зерттеп көргенмін. Бұл жердегі ең үлкен мәселе – барлық бағдарлама мұғалімдерге сертификат беруге құрылған. Бұл туралы қазіргі кезде бәрі айтып жатыр, бәрі біледі. Мысалы, «Өрлеуге» қатысқан ұстаздар ол сабақтарды оқымайды да, қарамайды да, сабаққа қатыспайды да. Жылдың соңында тек қана жалпы осы қатысып болғаннан кейін курска сертификатын алса болды. Ол жерде талап жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, кез келген бағдарламаны ашыңыз, пәндік құзыреттілігіне аса қатты мән берілмейді. Бұл жерде біз оқушыны қалай пәнге үйретеміз, мұғалімдерге де дәл осылай пәнді қайтадан қайталауымыз қажет. Физиканы қалай үйретуіміз керек дегенге көбірек назар аударылады. Немен үйретуіміз керек дегенге көбірек назар аударылады. Бірақ физиканың өзін түсінбейтін мұғалім қанша жерден әдемі слайд жасаса да, оны қалай түсіндіру керек екенін білсе де, оқушыларды керемет топтарға бөлсе де, бірақ ол өзі физиканы түсінбейтін болса, ол оқушыға ешнәрсе бере алмайды. Бұл жердегі ең үлкен мәселе осы. Біз біліктілікті арттыру курстарын қайтадан не үшін беріп жатырмыз, осы сұраққа жауап іздеу арқылы қайтадан толығымен бір рет қарап шығуымыз керек, - дейді сарапшы.
Айдос Жұманазар мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін біз сыртқы және халықаралық тәжірибе емес, ішкі моделімізді жасау керек екенін айтады.
Неге? Себебі біздің жағдайымыз, дәл біздің кейісіміз, мүлдем басқа елдің жағдайына ұқсамайды. Неге? Себебі біз тәуелсіздікті осы жақында ғана алдық, небәрі 30 жыл болды. Ал біз тәуелсіздікті алған кезде мемлекетте қаражат, ақша болған жоқ. Сондықтан мемлекеттік қызметте істейтін мұғалімдер мұғалімдік мамандығынан кетті. Олардың барлығы саудамен айналыса бастады. Олардың орны босады. Ал олардың орнын толтыру үшін бізде сырттай деген оқу пайда болды. Дәл сол уақытта Қазақстанда туу көрсеткіші де артты, - дейді сарапшы.
Туу көрсеткіші артқаннан кейін адамдардың саны көбейді, мектепке келетіндер көбейді.
Бізде инфрақұрылыммен де проблема болды. Оқушыларға орын саны жетпеді. Ал жаңадан ашылған мектептерге мұғалімдер жеткізе алмадық. Сондықтан біз біліктілігі бар, жоқ, жалпы пәнін білетін, білмейтін бүкіл адамға дипломды басып шығарып бере бердік. Бұл ешкімнің кінәсі емес, бұл сол кездегі жағдай. Бұл жерде ешкімді кінәлауға болмайды. Бұл қуанарлық жағдай, өйткені туу көрсеткіші көбейіп жатты, тәуелсіздігімізді алдық. Көш жүре түзеледі дейді, біз қазір түзеле бастадық, - дейді маман.
Алайда сол кездегі мәселелердің салдары қазір көрініс табуда.
Ол қалай? Жоғарыда атап өткенімдей, мұғалімдердің басым көпшілігі сырттай оқыды. Сырттай оқығанына ол мұғалімдер кінәлі емес, сол кездегі жағдай солай болды. Бұған ешкімді кінәлі етуге болмайды. Одан кейін мұғалімдердің біліктілігі мен пәндік құзыреттілігі үлкен проблема болды. Біздің елде ешбір елдің моделін бізге әкеліп қоя алмайсыз, қолдана алмайсыз. Бұл біздің тағдырымызда болған жағдай, бұл біздің Қазақстанның нақты мәселелерінде болған мәселелер, жағдайлар. Сондықтан да бұл жерде біз өзіміздің моделді, өзіміздің нақты проблемамызды көріп, соған сай шешім қабылдауымыз керек, - дейді сарапшы.
Айдос Жұманазар «Өрлеудің» жұмысы осы уақытқа дейін өте қатты сыналғанын, әлі де сыналып келе жатқанын айтады.
Бірақ жақында жаңа басшы келді, өзгереді деп үміттенеміз. Оны президенттің өзі тікелей сынағаннан кейін, бұл үлкен бір қауіпті қатер сын жағдайында тұр деуге болады. «Өрлеудің» ең үлкен жасаған қателігі – олар мұғалімдерді оқытпастан сертификат тарата беруі. Өйткені әрбір сертификат үшін мемлекеттен «Өрлеуге» қаражат аударылды. Осыны алып қалу үшін болды ма, бәлкім, немесе мұғалімдер жалпы жасап кетеді деді ме, түсініксіз. Оқытса да, оқытпаса да, үйретсе де, үйретпесе де сертификатты оңды-солды тарата берді. Ал мұғалімдер бұл жерге тек сертификат алуға келетін жер деп қарады, білім алуға, үйренетін, өзімізді танытатын жер деп қараған жоқ, - деп атап өтті маман.
Айдос Жұманазар «Өрлеуге» байланысты реформа болады деп есептемейтінін, өйткені бұл мекеме Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұйым екенін атап өтті.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін құрғанда, біз негізгі мақсатты, негізгі мүддені анықтауымыз керек. Қандай мәселемізді шешуі қажет? Ол Қазақстанның білім деңгейін көтеру керек. Ал егер біз мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін, мұғалімдерді көңілін табуға, шулай беретін мұғалімдердің шуын басуға, осы мұғалімдер шулап кетпесін немесе осы мұғалімдерге ұнайық, осы мұғалімдер бізді қолдасын деп шешім шығаратын болсақ, негізгі ниетімізден ауытқып кететін болсақ, бұның түбі, соңы жақсылыққа алып келмейді, ешқандай да нәтиже бермейді. Қазір, өкінішке қарай, соңғы өзгерістердің басым көпшілігі ол халықты тыныштандыру, мұғалімдерге ұнау, мұғалімдердің қошеметін алу. «Осы ведомство жауаптысы министр әдемі өзгерістер жасап жатыр. Осы жақсы өзгерістерді осы министр жасаған » деген қошеметке, алғысқа, мақтауға ие болу үшін жасалып жатқан сияқты, - дейді сарапшы.
Айдос Жұманазар неге олай деп есептейтінін түсіндірді. Себебі кез келген өзгерісті алып, әлеуметтік желіде, Instagram-да жариялау ол бір кәсібилікті көрсетпейді.
Біз кез келген бір біліктілік арттыру жүйесін құрғымыз келсе, негізгі мақсатымызды, ниетімізді анықтау керек және сол ниетке, мақсатқа жету үшін ғылыми негізде жүйені құруымыз керек. Біздің құрған жүйеміздің ғылыми негізі болу керек. Оны бет алды отырып, төрт-бес сарапшы Facebook-те шулаған бір-екі адамның шуына қарап, жүйені құруға, өзгертуге болмайды, - деп түйіндеді маман.
Оқи отырыңыз: Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді: Мұғалімдер 1 қыркүйектен бастап нені білуі керек?
Ең оқылған:
- «80 мың теңге ұсынып, үндемеуімді сұрады»: Пойызда қызға орынсыз әрекет жасаған ер адам ұсталды
- +33°C-қа дейін жылынады: Қазақстанға жазғы жаймашуақ күндер қайта оралады
- Ұйықтауға жатқанда, таңертең далада оянып қаламыз ба деп алаңдаймыз – елорда тұрғыны
- Президент Сыртқы істер министрін тағайындады
- «Міндетін мінсіз атқарды» – Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-дағы қызметін жоғары бағалады
Сымбат Сатыбалдина