Серік Сұлтанғали Adal партиясының AMANAT-қа қосылу себебін айтты

17 Наурыз 2022, 13:21
1434
Бөлісу:
Серік Сұлтанғали Adal партиясының AMANAT-қа қосылу себебін айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы саяси Adal партиясының IX съезінде   Adal партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали айтты.

Adal партиясының AMANAT-қа қосылуы маған да оңай емес. Бірақ біз жақсылап ойландық. Кеше Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдауға да қатыстық. Сосын біз бірауыздан осы шешімге келдік. Жасыратыны жоқ, AMANAT партиясын барлығы қолдайды. Әлеуметтік санат та бұрыннан осы партияны біледі, қолдайды,-деді Сұлтанғали.

Ол атағандай, кешегі саяси кеңес отырысында бұл бастаманы барлығы  қолдаған.

Облыстардың филиалдарында да отырыс өткізіп, бұл шешімді қолдады. Бастапқыда түсінбеушілік те болды. Бірақ талқылайтын ешқандай себеп жоқ. AMANAT-қа қосылу арқылы әлеуетімізді арттыра түсеміз. Ол партияға қосылу партиямыздың бағдарламасындағы мақсатқа жетуге тезірек мүмкіндік береді. Себебі Adal-дың ұсыныстары жеткілікті. Біз ақылмен келе жатқан партиямыз. Біздің беделіміз ешқашан түспейді. Халық бізді түсінеді,- деді ол.

Серік Сұлтанғали атап өткендей, партиялар  бірлесіп одан әрі күшейе түседі.

Бірігу қажет. Қазір партия ашуға жеңілдіктер беріліп жатыр. Саяси реформа деп осыны айтады. Ел Президенті заңдарға өзгеріс енгізуді де айтты. AMANAT партиясының құрамында біз белсенді жұмысты атқара береміз,-деді ол.

Айта кетейік, 16 ақпанда партияның саяси кеңесінің отырысында Adal-дың  AMANAT-қа қосылатыны белгілі болған еді.

Өзгелердің жаңалығы