Серік Сәпиев Токио Олимпиадасына болжам жасады

15 Тамыз 2019, 14:54
1859
Бөлісу:
Серік Сәпиев Токио Олимпиадасына болжам жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы Токио Олимпиадасында Қазақстан спортшылары кемі 10 медаль жеңіп алуы мүмкін. Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев айтты.

«Олимпиадаға дайындық жүйелі түрде жүріп жатыр. Оқу-жаттығу жиындары қайда өтетіні толық анықталды. Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Қазір алты спорт түріне 10 лицензия бар. Құрама командаларды дайындауға ұлттық Олимпиада комитеті жауапты.Жоспарланған лицензиялық жарыстар бар. Келесі көп жолдама алуға тырысамыз», – дейді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.

Осы уақытқа дейін Қазақстан Олимпиада ойындарына 10 жолдама жеңіп алған болатын. Олардың арасында жеңіл атлеттер – Георгий Шейко, Ольга Рыпакова, велошоссе – Евгений Гидич, жүзуден – Дмитрий Баландин, Виталий Худяков, садақ атудан – Санжар Мұсаев, Денис Ганкин және Ильфат Абдуллин.

Брифингте тілшілер Олимпиада чемпионы әрі комитет төрағасынан алдағы Токио Олимпиадасынан қанша жүлде күтетінін сұрады.

«Осыдан 3 жыл бұрынғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кем түспеуді көздейміз. Сол көрсеткіштен төмен түспей, шама келсе асып түсу керек. Меніңше, Токио Олимпиадасында 10 медальдан көп аламыз деп ойлаймын. оның ішінде кемі үшеуі алтын болуы тиіс. Әсіресе, құрама көшбасшылары Дмитрий Баландин, Ольга Рыпакова секілді ресми жарыстарда жүлде салып жүрген спортшыларға аса қатты сенім артамыз», - дейді Сәпиев.

Айта кетейік, Қазақстан 2016 жылы XXXl жазғы Олимпиада ойындарына 104 лицензия жеңіп алған болатын. Оның ішінде 26 спорт түрінен қатысқанбыз.

Өзгелердің жаңалығы