Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшілігінде қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының серб тіліне аударылған шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Сербияның көрнекті қоғам және саяси қайраткерлері, ғалымдар мен елдегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Серб тіліне ақынның шығармасын аудару ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында жүзеге асырып, оның өмірбаяны, таңдамалы өлеңдері мен «Қара сөздері» енді.
Қазақстан елшісі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде Абай шығармаларының аудармасы – әрбір серб оқырманының қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған даналығы көрініс тапқан ұлағатты тұлғаның ұлы мұрасымен таныса алатын және бүгінгі күні де өте өзекті болып қала беретін жырларға толы бірегей басылым екенін атап өтті, - делінген хабарламада.
Елшілік ақын кітаптарын биылғы қараша айынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Достық» қазақ-серб мәдени орталығына табыс етті. Сондай-ақ жинақ Сербияның ұлттық кітапханасына және Белградтың ғылыми және білім беру мекемелерінің кітапхана қорларына жіберілетін болады.