Сенатта бюджеттік процестерді жетілдіру мәселелері талқыланды

31 Қаңтар 2023, 09:21
697
Бөлісу:
Сенатта бюджеттік процестерді жетілдіру мәселелері  талқыланды

Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары салық-бюджет саласындағы ашықтықты бағалау жөніндегі мәселелерді Халықаралық валюта қорының өкілдерімен бірге талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов заң шығарушы биліктің бюджеттік процеске қатысты өкілеттіктері мен міндеттері қалай орындалатыны туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.

Парламент Сенатының басым бөлігі еліміздегі қазіргі кездегі 20 әкімшілік-аумақтық бірлік өкілдерінен жасақталды. Сондықтан да сенаторлар өз қызметінде өздері сайланған аймақтың атынан да сөз алады. Депутаттар өз өңірінің проблемаларын, жергілікті тұрғындардың сұраныстарын жетік біледі және өңірлер өкілдерімен бірлесе отырып өз өкілеттіктері аясында мәселелерді тиісті салалық министрліктерде шешуге атсалысады. Ол әрине, қаржыландыру мәселелеріне тікелей қатысты болып табылады, - деді сенатор Макежанов.

Сенатор Бекболат Орынбеков талқылау барысында Сенатта республикалық бюджетті қарау барысында оны қалыптастыруға депутаттардың тікелей ықпал ету мүмкіндігі бар екендігіне ХВҚ өкілдерінің назарын аударды.

ХВҚ тобының басшысы өз кезегінде капиталды елден шығару және оларды заңды иесіне қайтару фактілерін анықтау тетіктері, сондай-ақ басқа елдермен салыстырғанда қазақстандық салық және бюджет кодекстерінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы депутаттарға айтып берді.

Сұлтанбек Мәкежанов кездесуді қорытындылай келіп, депутаттар осы саладағы ашық ынтымақтастыққа әрқашан дайын екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы