Сенаторлар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті

24 Мамыр 2022, 22:00
2022
Бөлісу:
Сенаторлар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Нұрлан Бекенов Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болып, профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен бірге алдағы референдумды талқылады.Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Бақытжан Жұмағұлов кездесу барысында конституциялық реформалардың маңызын атап өтіп, еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Біздің елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңа Қазақстан идеясының дамуы екінші республиканың тұжырымдамасында мазмұндалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай үлкен өзгерістерді қолға алды. Егемендік, жеріміз, еліміз және тіліміз – біздің басты құндылығымыз болып табылады. Біз қазақ тілінің дамуына баса назар аударуымыз керек. Әрине, біз басқа да шет тілдерін білуіміз керек, бірақ алдымен туған тілімізді құрметтеуіміз керек, - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Нұрлан Бекенов өз кезегінде студенттерді мемлекет дамуына белсенді қатысуға шақырды. Ол үшін ағымдағы жылдың 5 маусымында өтетін референдумға қатысу аса маңызды болып отыр.

Конституциялық өзгерістер – бұл саяси реформа ғана емес, сонымен бірге біздің қоғамдағы үлкен өзгеріс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33 бабына өзгеріс енгізіледі. Сондықтан бәріңізді референдумда дауыс беруге шақырамын, бұл біздің азаматтық парызымыз, - деді Нұрлан Бекенов.

Өзгелердің жаңалығы