Сенаторлар Норвегияға жұмыс сапарымен барды

1 Маусым 2022, 10:05
1093
Бөлісу:
Сенаторлар Норвегияға жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған  Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің ұйымдастыруымен Норвегия Корольдігінде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз хатшысы.

Стортингтің (Парламент) вице-президенті Кари Хенриксенмен, Халықаралық істер және қорғаныс комитетінің төрағасы Ине Сорейдемен, ЕҚЫҰ ПА жанындағы Норвегия делегациясының басшысы Сив Мосслетпен кездесулер болды. 

Қазақстандық делегация құрамындағы депутаттар Нұржан Нұрсипатов, Қайрат Қожамжаров, Дана Нұржігітова, сондай-ақ ҚР-ның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші республика құруды басты мақсат еткен және елімізді саяси жаңғыртуды көздейтін конституциялық реформасының ауқымды бағдарламасы туралы республикалық референдум қарсаңында әріптестеріне егжей-тегжейлі айтып берді. 

Кари Хенриксен жүзеге асып жатқан саяси реформаларға назар аударды және Мұхтар Құл-Мұхаммед оның өтініші бойынша алдағы шараның негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталды. Олардың қатарында супер президенттіктен күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу, адам мен азаматтың құқықтарын қорғау, конституциялық сот құру, омбудсмен мәртебесін күшейту, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен аймақтық әкімдерге қатысты саяси партияларда болмау жөніндегі шектеулер мен жаңа партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету туралы мәселелері бар. 

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру мақсатын алға қойды. Бұл барлық азаматтардың жеке бастамасы үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін неғұрлым тұрақты, әртараптандырылған және тең құқықты экономиканы, неғұрлым әділ қоғамды, сондай-ақ жігерлі, серпінді және бәсекеге қабілетті саяси жүйені білдіреді, - деп атап өтті М.Құл-Мұхаммед.

Пікірсайыс барысында қазіргі геосаяси жағдайларда тең әрі сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыру қажеттігі туралы өзара пікір айтылды.

Бұған дейін Норвегияның қорғаныс және сыртқы саяси мекемелерін басқарған Ине Сорейде қауіпсіздік саласын қамтамасыз ету және осы салаға парламенттік бақылау енгізу жөніндегі ереже шығару тәжірибесімен бөлісті. Стортингтің рөлі тек заңдар мен ұлттық бюджетті қабылдауда ғана емес, сонымен қатар министрлер кабинетін тыңдау арқылы бақылау функцияларын жүзеге асыру немесе оған сенімсіздік білдірумен де көрініс табады, бұл тексерулер мен тепе-теңдіктің тиімді жүйесіне қол жеткізеді.

Қазақстан делегациясының басшысы жүздесушілерді елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер туралы хабардар етті. Орталық Азия елдері мен Солтүстік кеңес парламенттері арасында диалогты іске қосу идеясын қарастыру ұсынылды. Қазіргі заманда Транскаспий транзиттік бағыты ерекше маңызға ие болып отыр.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияда қаза тапқан қазақстандықтарды, оның ішінде 1944 жылғы Петсамо-Киркенес операциясына қатысушыларды есте сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерді атап өтті.

Мемлекеттік басқару қызметін бақылау жөніндегі Парламенттік омбудсменнің басшылығы Густав Хавермен, сондай-ақ қорғаныс секторындағы адалдық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету орталығының директоры Пер Кристенсенмен кездесулерде құқық қорғау жүйесіндегі омбудсменнің рөлі мен мәртебесі талқыланды. Сенаторлар адам құқықтарын қорғау саласында ұсынылған конституциялық өзгерістердің, атап айтқанда, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін және оның конституциялық сотқа жүгіну құқығын бекіту туралы маңызды бағыттарын атап өтті.

Парламентшілер кездесуді қорытындылай келіп елдің конституциялық үлгісін кезең-кезеңімен дамытудың маңызына тоқталды, сондай-ақ біздің мемлекеттеріміз арасында неғұрлым тығыз байланыс орнату және Қазақстанда норвегиялық елшіліктің тез арада ашылуы туралы тілек білдірді.

Өзгелердің жаңалығы