Сенаторлар АИТВ-инфекциясын диагностикалау саласындағы жағдайға алаңдаулы

3 Ақпан 2022, 11:48
1191
Бөлісу:
Сенаторлар АИТВ-инфекциясын диагностикалау саласындағы жағдайға алаңдаулы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ақмарал Әлназарова АИТВ-жұқпасы диагностика жасауды бәсекелестік ортасына беруді әлі ерте деп санайды. 

Сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселеге алаңдаушылығын білдірді.

Бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасына сәйкес АИТВ инфекциясына диагностика жасауды жеке медициналық орталықтар мен зертханаларға берілуі тиіс. Алайда сенатор атап өткендей, бұл болашақта елдегі АИТВ-мен ауыру жағдайын нашарлататын бірқатар проблемаларға алып келеді.

Тұжырымдама АИТВ диагностикасының бірінші кезеңінің ғана бәсекелес ортаға берілуін көздейді. Депутат талдау нәтижесі оң болған жағдайда, бұл берілу жолдары мен факторларын анықтау, байланыс жасаушыларды іздеу және зерттеу жөніндегі дәйекті тізбектің бұзылуына әкеледі деп санайды.

Бұрын Қазақстанда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен гепатиттерге зерттеу жүргізуді бәсекелестік ортаға беру тәжірибесі болған. Нәтижесінде біз осы аурулардың таралуын бақылауды жоғалтып алдық. Бүгінгі таңда елде олар бойынша нақты статистика жоқ және тиісінше осы инфекцияларға жауап беру бағдарламасы жоқ, - деді Ақмарал Әлназарова.

Депутат сондай-ақ халықаралық тәжірибедегі келеңсіз деректерді де атап өтті. 

Көрші Ресейде де АИТВ зерттеуінің бірінші кезеңі бәсекелестік ортаға берілгеннен кейін бұл аурудың тез таралуына әкеліп соққан. Нәтижесінде олар бірнеше рет АИТВ-инфекциясының диагностикасын мемлекеттік медициналық мекемелерге қайтаруға мәжбүр болған көрінеді, - деп айтты ол.

Сенатор осыған орай Министрлер кабинетінің басшысына жолдаған сауалында АИТВ-инфекциясына диагностика жасауды тиісті жүйелі дайындықсыз және мәселені мұқият зерттемей тұрып бәсекелестік ортасына бермеуді өтінді.

Өзгелердің жаңалығы