Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыспен қамтудағы жалпы өсім көрсеткішінің 60%-ы «әлеуметтік экономика», яғни бюджеттен қаржыланатын білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет саласы есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа жұмыс орындарының ашылу барысында жекемекшік сектордың үлесі азайып отыр. Сенатор Бейбіт Исабаев өзінің депутаттық сауалында халықты жұмыспен қамту саласына алаңдаушылық білдірді.
Сенатордың мәліметінше, жыл сайын, жоғары оқу орынын, колледж бітірген жас мамандардың 30%-ы жұмыссыз қалуда. Ал жұмысқа орналасқандардың 30%-ы өз мамандықтары бойынша емес, біліктілігі, жалақысы төмен жұмысқа тұрады.
Депутат осыған байланысты Үкіметте орын алған проблемаларды жүйелі түрде шешу жөнінде шаралар қабылдау маңызды деп санайды.
Елімізде қалыптасқан еңбек нарығының бүгінгі жағдайына терең, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Жалпы халық санының, жаңа еңбек ресурстарының өсу динамикасын еліміз экономика секторларының өсіммен тікелей байланыстыра отырып, алдағы 5 жылға еңбек ресурстарына сұраныстық болжам жасалуы тиіс. Оқу орындарының бағдарламалары мен стандарттарын осы сұранысқа, жұмыс берушілердің өндірістік дағды-талаптарына сай әзірленгенінде ғана еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігіне қол жетеді, - деді Бейбіт Исабаев.
Депутат сонымен қатар халықтың лайықты жұмыспен қамтамасыз ету және табысты арттыру міндеті барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді және бірлескен жұмысы кезінде ғана жүйелі шешілетінін атап өтті.