Сенатор Нұртөре Жүсіп жұмыссыз әйелдердің жағдайын айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор 90-жылдардың басындағы ауыртпалық аналардың иығына артылғанын айтып, қазіргі уақытта жұмыссыз әйелдерге арнайы орталықтар ашу жайлы ұсынысын жеткізді.
Мұхтар Әуезовтің ел боламын десең бесігіңді түзе, бұл үшін әуелі әйелдің қылын түзе деген сөзі бар. Қазақ әйелі кешегі көшпелі кезеңде мал өнімдерін өңдеу, оны азыққа тұрмысқа, кәдеге жарату жолындағы қыруар еңбек атқарды. Халқымыздың басына түскен талай нәубетте ұлтың амандығы үшін асқан төзімділік танытты. Отбасы құндылықтарын сақтады, ұрпақ тәрбиесімен айналысты. 90-жылдардың басындағы ауыртпалық аналардың иығына артылды. Алақап арқалап, базарға шықты. Отбасын асыраушы әйелдер көбейді. Статистикалық деректерге сәйкес бүгінгі таңда елімізде жұмыссыздар саны 452 069 адамды құрайтын болса, олардың 242 173-і әйелдер екен. Яғни жұмыссыздардың тең жартысы әйелдер қауымы. Бұл дерек үкіметті ойландыра ма? Жақында Сенат төрағасымен бірге Астана қаласындағы әйелдерге білім ақпарттық консультация беруге арналған «Бақытта отбасы» орталығында болдық. Орталық 2021 жылы өмірде қиын жағдйға тап болған жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету мақсатында құрылған. Қазіргі кезде әртүрлі кәсіп бойынша 20-дан астам курс үйымдастырып, талай жұмыстарды атқарып жатыр,-деді сенатор.
Оның айтуынша, бұл орталықтағы курстардың әрқайсысы жеке кәсіпке негіз болатын салалар. Бүгінге дейін 2500 адам сала бойынша білім алған болса, олардың 80% жеке кәсіптерін ашып, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды жеңіп алған. Одан бөлек әртүрлі тақырыптағы онлайн сабақтарды 7 млн-ға жуық адам тыңдаған.
Орталық бір жағынан әйелдерді рухани-моральдық тұрғыдан қолдап, кәсіп үйретсе, екінші жағынан халқымыздың этнографиялық мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа тәлім беретін таптырмас мәдени мектептің қызметін атқарып отыр. Осындай үлгідегі орталықтарды өңірлерден әсіресе облыс орталықтарынан көптеп ашуды қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндіктеріңіз бар ма? Осындай орталықтардың өнімдерін нарықққа шығаруға қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма?,-деді сенатор Нұртөре Жүсіп.