Сенат жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды

23 Мамыр 2024, 11:59
700
Бөлісу:
Сенат жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды
Фото: Арман Мухатов - архив

Бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңда мыналар көзделген.

1. Банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету. Осы мақсаттарда заңда кредиттер бойынша тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу көзделген, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру беріледі.

«Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылады, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалатын болады.

45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттер бойынша мұндай микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылады.

Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі.

Сондай-ақ, қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады;

2. Стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту және осындай активтерді экономикалық айналымға тарту үшін реттелетін инфрақұрылым мен нарықтық тетіктерді құру. Бұл үшін заңда банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, 
сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының арнайы электрондық сауда алаңдары арқылы қолда бар стрестік активтерді міндетті түрде сатуы жөніндегі талап белгіленеді;

3. Синдикатталған қаржыландыруды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Ол үшін заңда резидент емес банктерді қосу есебінен синдикатталған қаржыландыруға қатысушылардың рұқсат етілген құрамын кеңейту көзделген. Бұдан басқа, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру, бірнеше қоса кепіл ұстаушылар болған кезде кепіл мүлкін меншікке айналдыру рәсімдері, сондай-ақ кепіл мүлкін сатудан түскен табысты синдикат қатысушылары арасында бөлу тәртібі регламенттеледі;

4. Істердің жекелеген санаттары бойынша өндіріп алу туралы құжаттарды орындау процесін толық автоматтандыру арқылы жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін жетілдіру, бұл сот орындаушысының қатысуын болдырмайды және азаматтарға жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемей атқарушылық құжаттың талабын орындауға мүмкіндік береді.

Заңды мақұлдау азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, стрестік активтер нарығын дамытуға және оларды экономикалық айналымға тартуға оң әсер етеді, резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға ықпал етеді, бұл экономиканың нақты секторына қолжетімді шарттарда ұзақ мерзімді өтімділіктің ағынын қамтамасыз етеді, сондай-ақ істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады,-делінген заң жобасының қорытындысында.

Сенаторлар екінші оқылымда заңды талқылау барысында құжатты Мәжіліске қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы