"Ауыл" партиясының төрағасы студенттерге ашық лекция өткізді

26 Ақпан 2020, 15:52
1996
Бөлісу:
"Ауыл" партиясының төрағасы студенттерге ашық лекция өткізді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы, "Ауыл" ХДПП төрағасы Әли Бектаев студенттермен кездесті.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің студенттеріне арналған ашық лекция оқыған партия басшысы бұл ешқандай да партиялық жарнама емес екенін айтты.

"Ауыл" партиясының XVI съезінің шешімімен "Ауыл – Достар клубын" ашу бастамасы қабылданған болатын. "Ауыл - Достар" клубының негізгі мақсаты – еліміздегі ауыл жанашырлары мен өзінің туған ауылын, туған жерін сүйетін, ауылдың дамуын тілеп, туған жерінің болашағын ойлайтын азаматтық ұстанымы айқын отандастарымыз бен ауылдың дамуын қолдайтын әртүрлі ұйымдардың басын біріктіру. Бүгінгі таңда фейсбук пен партияның сайтында "Ауыл – Достар клубының" арнайы парақшалары ашылды. Ол парақшаларда әр адам ауылды дамыту бойынша өз ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, аталмыш парақшаларда ауылдың түйткілді мәселелері талқыланады, - дейді Әли Бектаев.

Партия төрағасының С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің студенттеріне арналған ашық лекция "Ауыл - Достар" клубының таныстырылымы аясында өтті. 

Мақсатым бірдеңені жарнамалап немесе сіздерге түрлі сан-цифр айтып бастарыңызды қатыру емес. Ашық лекция ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастарға кәсіптік бағдар беру, біліктілігін арттыру, қазіргі әлемдегі ауылшаруашылық кәсіптерінің беделі мен ерекшеліктері сияқты мәселелерді өздеріңізбен бөлісіп, сіздердің пікірлеріңізді білгім келеді, - дейді сенатор. 
Сондай-ақ, лекция барысында ауылдық өңірлерге жас мамандарды тарту, ауыл жастарының қалалық шарттарға адаптациялануы, мансап құру жолдары сияқты өмірлік тақырыптар мен мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттары сияқты өзекті мәселелер әңгімеге арқауы болды. 

Еркін форматта өткен ашық лекцияда студенттер Әли Бектаевпен сұқбаттасып, өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды. 

Сенатор студент жастарға әйгілі "Барып қайт балам ауылға"  атты әнді мәнерлеп айтып берді. 

Бұл өлеңді мен жастайымнан жаттап өстім. Жаныма жақын. Әлі күнге жадымнан өшкен емес. Сендерге де осындай өлеңдерді жаттап, ауылдан рухани байланысты үзбеуге шақырам, - деді Әли Бектаев.

Өзгелердің жаңалығы