Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Қазақстандағы теміржол инфрақұрылымының тозу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, ондаған жыл бойы қабылданған бағдарламалар мен тұжырымдамаларға қарамастан, саладағы жүйелі проблемалар әлі күнге дейін шешілмей келеді.
Ол магистральдық теміржол желісінің тозу деңгейі 57%-ға жеткенін атап өтті. Теміржолдардың тек үштен бірінде ғана қос жол бар. Шамамен 60% станциялар мен айналма жолдар ұзын құрамды пойыздарға бейімделмеген. Ал желінің үштен екісінен астам бөлігінде электрлендіру мүлде жоқ.
Бұқтұғұтовтың айтуынша, Қазақстанда көлік саласына қатысты бағдарламалар қабылданып келе жатқанына 30 жылға жуық уақыт болған. Қазір 2030 жылға дейінгі көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.
Әр жолы жаңа бағдарламалар қабылданған сайын біз бірдей мәселелерді қайта-қайта көтеріп, сол бір мақсаттар мен міндеттерді қоямыз. Бұл қабылданған бағдарламалық құжаттардың тиімділігіне нақты баға берілмей отырғанын көрсетеді, – деді депутат Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда.
Сондай-ақ ол бүгінде елімізде теміржол, автомобиль, әуе, ішкі су және құбыр көлігін қамтитын жеткілікті деңгейде дамыған көлік жүйесі қалыптасқанын алға тартты.
Еліміз өзінің тиімді географиялық орналасуын пайдалана отырып, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына шығатын құрлықтық транзиттік дәліздерді қалыптастырып үлгерді. Алдағы уақытта Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалында маңызды рөл атқаратын көлік-логистикалық хаб ретінде дамуын жалғастыруды көздеп отыр, - деді сенатор.
Қазақстандағы пойызбен жүретін жолаушылар саны да азайған. 2025 жылдың 10 айында теміржол көлігін 16,4 млн адам пайдаланған. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Ол кезде 17,6 млн жолаушы тасымалданған еді.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстан 4 жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салатынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, Қазақстан теміржол тасымалын екі есеге арттырмақ.