Бектенов: Қазақстан 4 жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салады 

Соңғы 15 жылда көлік саласына шамамен 35 млрд доллар қаражат жұмсалды.

 Үкімет Бүгiн 2026, 11:00
Бүгiн 2026, 11:00
150
Фото: Үкімет

Астанада Темір жолдар ынтымақтастығы жөніндегі ұйым (ТЖЫЖ) бас директорлары (жауапты өкілдері) конференциясының 40-отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айтады.

Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың белсенді қолдауымен еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Ата заң қоғамдық дамудың жаңа моделін қалыптастырып, ел экономикасын одан әрі жаңғыртуға ықпал етеді, – дейді Бектенов.

Оның айтуынша, теміржол саласы ел экономикасының маңызды тірегіне айналған.

Экономиканың аса маңызды күретамырына айналған теміржол саласы халқымыздың өмір сапасын жақсартып, орнықты өсімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді, – деді ол.

Премьер-министр алқалы жиынның маңызына да тоқталды.

Ұйымның 70 жылдығына орайластырылған алқалы жиын тоғыз жолдың торабында, Еуразия құрлығының дәл ортасында өтіп отыр. Мұның мәні зор. Заманауи әрі тиімді көлік жүйесі біз үшін халықаралық жеткізу тізбектеріне бейімделе отырып, жаһандық экономикаға ықпалдасуға мүмкіндік береді. Тұрақсыз халықаралық қатынастар жүйесі қалыптасқан қазіргідей кезеңде, біз ұйымға техникалық құрылым ретінде ғана емес, сонымен қатар өңірлер мен елдер арасындағы сенімді қатынастарға негіз болып отырған көлік дипломатиясының маңызды институты ретінде баса мән береміз, – дейді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол ұйым жұмысының тарихи рөліне тоқталды.

Ондаған жылдар бойы сіздердің жұмыстарыңыз еуразиялық көлік қауымдастығының қатысушылары үшін кепіл бола отырып, біртұтас құқықтық және технологиялық кеңістікті қамтамасыз етіп келеді, – деді ол.

Үкімет басшысы қазіргі геосаяси жағдайда жаңа міндеттер тұрғанын жеткізді.

Қазіргі геосаяси жағдайда біздің алдымызда қалыптасқан байланыстарды сақтап қана қоймай, оларға жаңа серпін беру, соның ішінде цифрлық трансформация арқылы нығайта түсу міндеті тұр. Біздің ортақ мақсатымыз – Еуразияны біртұтас әрі үздіксіз жұмыс істейтін көлік жүйесіне айналдыру, – дейді ол.

Премьер-министр Қазақстанның географиялық ерекшелігіне де тоқталды.

Қазақстан – жаһандық мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет. Бірақ біз осы географиялық ерекшелікті стратегиялық артықшылығымызға айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 15 жылда біз көлік саласына шамамен 35 млрд доллар қаражат салдық. 2 500 шақырымнан астам жаңа магистральдық жолдар салынды. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты бойынша барлық құрлықтағы транзиттік тасымалдарының 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру жоспары айтылды.

Біздің мақсатымыз – 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу, – деді Бектенов.

Премьер-министр Транскаспий бағытының маңызын ерекше атап өтті.

Транскаспий бағыты – біздің теңдессіз басымдығымыз. Мемлекет басшысы бұл жобаға айрықша мән береді. Аталған бағыттың теміржол инфрақұрылымын ғана емес, сонымен қатар теңіз инфрақұрылымын да қамтитынын айта кеткен жөн. Контейнерлік тасымалдар тұрақты дамып келеді. Тек осы бағыт бойынша 2029 жылға дейін жылына 80 мың жиырма футтық эквиваленттен 300 мыңға дейін өсуді жоспарлап отырмыз. Қатысушы елдердің үйлесімді жұмысының арқасында «Орта дәліз» бойынша жеткізу мерзімі 18 тәулікке дейін қысқарды. Біз оны 10 күнге дейін азайтуды көздеп отырмыз, – деді ол.

Сонымен қатар порт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы саладағы халықаралық компанияларды тарта отырып, Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын дамытуға басымдық берілген.

Бұл – Парсы шығанағы мен Үндістан нарықтарына шығатын ең төте жол. Қазақстан Президенті цифрлық технологиялардың дамуына зор мән бере отырып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы орайда қазіргі таңда Tezcustoms платформасы енгізілуде. Ол Қытаймен шекарада рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған жұмыс басқа елдермен де жалғасуда, – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан теміржол тасымалын екі есеге арттыратынын хабарладық. 

Наверх