Сенатор мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуды ұсынды

17 Наурыз 2022, 13:31
2272
Бөлісу:
Сенатор мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы Жылыой ауданының тұрғындарын ұзақ жылдар бойы мазалаған мәселелерді Министрлер кабинеті басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Ғұмар Дүйсембаев Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың жай-күйі өте нашар екенін атап өтті. Атап айтқанда, су құбыры, кәріз, жылу және электр желілері толығымен тозған, салынған сәттен бастап оларға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. 

Сенатордың пікірінше, өңірдегі жол проблемаларын шешу де ерекше назар аударуды талап етеді.

Құлсары қаласына автокөлік жолдарына қайта жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Қазіргі кезде автомобиль жолы мәселесі тұрғындар арасында жиі көтеріліп отыр. Бүгінгі таңда қаладағы 416 шақырым көшенің тек қана 52,6%-ы автомобиль жолымен қамтамасыз етілген. Жолдың қалған бөлігі асфальт төсеуді, өркениетті жол салуды талап етеді, - деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатор салық статистикасын атап өтті, оған сәйкес Жылыой ауданынан республикалық бюджет пен Ұлттық қорға 2021 жылы шамамен 1,7 трлн теңге түсті. Ол бұл қаражаттың бір бөлігін жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және төртінші деңгейдегі бюджетті дамыту үшін жергілікті өзекті мәселелерді шешуге бағыттау маңызды деп санайды.

Сенатор Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салу қажеттігіне ерекше тоқталды. Ол отбасында қосымша күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалары бар өңір тұрғындары осындай өтініш айтқанын атап өтті.

Облыста мүмкіндігі шектеулі осындай балаларды емдейтін арнайы мамандар жетіспейді. Сондықтан ата-аналар бірлесіп қаржы жинап, ірі қалалардағы оңалту орталықтарынан логопед, трудопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру мамандарын шақырып, емдік шараларды ұйымдастыруға мәжбүр болып отыр. Осы жағдайды ескере отырып, Атырау облысындағы Құлсары қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қазіргі заманғы жабдықтары мен емдеу бассейні бар және мамандармен толық қамтылған оңалту орталығын салдыруды  сұраймын, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы