Сенатор Алматы апортына қауіп төндіріп тұрған күйік туралы айтты

1 Сәуір 2021, 14:33
2165
Бөлісу:
Сенатор Алматы апортына қауіп төндіріп тұрған күйік туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов «алматылық апортқа» ерекше қауіп төндіріп отырған бактериялық күйік қатері туралы айтты.

Еліміз аумағында бактериялық күйік алғаш рет 2000 жылдардың басында тіркелді және оның таралу аймағы жылдан жылға кеңеюіп барады. Соңғы жылдары осы ауруды жұқтырған бақтардың аумағы 50 есе өсті. «Өсімдіктер карантині туралы» заңына сәйкес, бактериялық күйік инфекциясының ошақтарын анықтаған кезде 30 шақырым радиустағы ағаштар мен барлық өсімдікті тамырдан тазарту, өртеу бойынша карантиндік шараларды жүргізуге мәжбүр болады, - дейді депутат.

Ол бактериялық күйік миллиардтаған шығындармен қатар экологиялық зардаптарға әкелетінін айтты. 2017-2020 жылдары Алматы облысы аумағында бактериялды күйігімен залалданған бақтар көлемі жыл сайын 1 мың гектарға дейін алқапты құраған. Облыс бойынша 200 гектарға дейін бақты залалданған ағаштарды түбірімен қопару жұмыстары жүргізілген.

Сенатор Білім және ғылым министрлігіне - жеміс дақылдарының бактериялық күйігіне қарсы ғылыми зерттеулерді әрі отандық биопрепараттарды кең ауқымды сынау бойынша бағдарламалық-мақсаттарды қаржыландыру, Ауыл шаруашылығы министрлігіне - биопрепараттарды сериялық өндіру бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсыру керектігін айтты.


Өзгелердің жаңалығы