Сенат отырысында депутаттар «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу жөніндегі төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Дархан Қыдырәлі атап өткендей, Жарғыға өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттамаға 2022 жылғы 26 тамызда қол қойылған.
Хаттама Жарғының 8 және 17-баптарына толықтырулар енгізуді көздейді. Біріншіден, Жарғының 8-бабына Ұйымға мүше мемлекеттерге биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты Ұйымға мүше мемлекеттер биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауды бастады. Атап айтқанда, ұйым шеңберінде биологиялық және пандемиялық қатерлердің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл саласындағы қызмет пен ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында Ұйымға мүше мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының Үйлестіру кеңесі құрылды, - деді сенатор пленарлы отырыста.
Сөзінше, осыған байланысты Ұйым Жарғысын биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қосу туралы нормамен толықтыру көзделіп отыр.
Бұдан басқа, Ұйым Жарғысының 17-бабына Ұйымның сыртқы істер министрлері Кеңесінің ұсынымына сәйкес және Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша Ұйымның Бас хатшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік беретін толықтыру енгізіледі.
Ұйымның нормативтік құқықтық базасында Бас хатшыны мерзімінен бұрын босату тәртібі реттелмегенін атап өткен жөн. Бұл жағдай 2018 жылы Бас хатшы өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанда айқын аңғарылды. Халықаралық ұйымдардың тәжірибесінде бірқатар себептерге байланысты бас әкімшілік лауазымды адам өз орнын мерзімінен бұрын босататын жағдайлар туындайды. Мысалы, жеке жағдайларға байланысты өз қалауы бойынша босайды немесе оны жіберуші мемлекет кері қайтарып алады, - деп айтты Қыдырәлі.
Ол атап өткендей, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұйымға төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтеді. Таяуда Минскіде өткен Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша басым бағыттарды айқындап берді. Сондықтан заңның қабылдануы Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Сенаттың тұрақты комитеттерінің Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.
Сенаторлар «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заңды дауысқа салып, мақұлдады.