Сенат: Түркі инвестициялық қоры құрылады

5 Қазан 2023, 10:39
685
Бөлісу:
Сенат: Түркі инвестициялық қоры құрылады
Фото: Арман Мухатов - архив

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келісім өңірішілік сауданы ұлғайту және экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған халықаралық қаржы ұйымы нысанында Түркі инвестициялық қорын құруды мақсат тұтқан.

ТМҰ-ға 5 мүше мемлекет: Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасы қор құрылтайшылары болып саналады. Қор құрылымы президенттен, басқарушылар кеңесінен, Директорлар кеңесінен, бас директордан және қызметкерлерден тұрады.

Қордың әрбір мүшесінің дауыс беру құқығы тең. Қордың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан.

Қор жобаларды, атап айтқанда, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіп өндірісін, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және «жасыл экономиканы» қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдайды.

Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн долларды құрайтын төленген акцияларға, сондай-ақ номиналды құны 150 млн долларды құрайтын тартылатын акцияларға бөлінеді. Қорға әрбір мүше мемлекетке 70 млн долларды құрайтын төленген акциядан келеді, - деді Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасына экономиканың басым секторларындағы, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жобаларын қаржыландыруды алуға, сондай-ақ ТМҰ өңірі аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы