Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Палата делегациясы Тәжікстанға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапар барысында сенаторлар Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Сондай-ақ аталған елдің Конституциясының 30 жылдығына арналған халықаралық парламенттік конференцияға қатысты және ТМД елдері Парламенттерінің депутаттарымен екіжақты кездесулер өткізді.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде Сенат Спикері аталған елдің басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас пен Мемлекет басшыларының сындарлы және сенімді диалогы өзара тиімді ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті.
«Тәжікстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы» атты халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында қалыптасқан өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейіне және оның маңызына ерекше тоқталды.
Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, белсенді саяси диалог, түрлі саладағы нәтижелі ынтымақтастық қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму қарқынын және зор әлеуетін айқын көрсетеді. Бұл ретте сауда-экономикалық байланыстарды, мәдениет пен білім беруге қатысты жобаларды, экологиялық және басқа салалардағы бірлескен бастамаларды атап өткен жөн. Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жемісті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде елдеріміз арасында Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізін қалайды, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев аталған конференция конституциялық құқықты дамытудың негізгі мәселелерін талқылауға және қазіргі алмағайып жағдайда биліктің заңнамалық тармақтарының табысты тәжірибесімен бөлісуге зор мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
Парламенттердің қызметі құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге, жаңа сын-қатерлерге уақтылы ден қоюға және туындайтын проблемалардың тиімді шешімдерін табуға арналған. Біздің елдеріміздің алдында тұрған міндеттер мен мәселелердің көп жағдайда ұқсас екенін ескерсек, биліктің заң шығарушы тармақтарының өзара іс-қимылы аса маңызды екенін аңғарамыз. Парламентаралық ынтымақтастық мемлекеттеріміз арасындағы байланыстарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және өзекті мәселелер бойынша ортақ шешімдер әзірлеудің негізгі тетіктерінің бірі екені анық. Қазіргі сын-қатерлер бізден тиімді диалог пен ағымдағы және болашақтағы жаһандық өзгерістерге сәйкес заңнамалық тетіктерді бірлесіп әзірлеуді талап етеді. Бұл ретте ортақ күш-жігерімізді үйлестіруде парламенттік дипломатия шешуші рөл атқарады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар кезінде бірқатар екіжақты кездесу өтті. Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуде заң шығарушы органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды нығайту перспективалары талқыланды. Тараптар екі Палата арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының қорытындыларына да назар аударды. Сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаңа Жол картасына қол қою мәселесін қарады. Бұл Құжатта Қазақстан мен Ресей Президенттері белгілеп берген ынтымақтастықтың басым бағыттары көрсетіледі.
Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Тәжікстан Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен кездесті. Онда парламентаралық ынтымақтастықтың нақты бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, парламентаралық байланыстарды нығайтудың негізін қалап, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындап берген Түркістан декларациясын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыс туралы сөз болды. Сұхбаттасушылар бірлескен күш-жігерді өңірді экономикалық тұрғыда дамытуға, Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға, адам капиталын нығайтуға және қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге жұмылдыру қажет екеніне баса мән берді.
Әзербайжан Милли Мәжілісінің спикері Сагиба Гафаровамен кездесуде Мәулен Әшімбаев әріптесін жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастық халықтардың ортақ тарихи құндылықтарына және өзара құрмет пен түсіністікке табан тірейтінін атап өтті. Бұдан басқа, Сенат Төрағасы Әзербайжан тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтып, аталған елдің өкілдері 2025 жылы өтетін Съезге қатысатынына сенім білдірді.
Мәулен Әшімбаев Конференция алаңында басқа да Парламент делегацияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.