Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат төрағасы: "Смарт-ұлт" – жаңа Қазақстанның болашағы

20 Маусым 2025, 12:55
371
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Túrkıstan.kz халықаралық басылымында жарияланған "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында қазіргі кезеңде ұлттық бірегейлікті жаңаша қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі сын-қатерлерге төтеп беру үшін ұлттың жаңа сапасын, ортақ құндылықтарын және бәсекеге қабілетті идеясын қалыптастыру – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі.

Әшімбаев Қазақстанның геосаяси орны, бейбіт ұстанымы және көпвекторлы саясаты арқасында әлемдік аренада лайықты орнын иеленгенін атап өтті. Оның сөзінше, ел ішінде этносаралық үйлесімді сақтай отырып, ұлттық жаңғыруға бет бұрған Қазақстан өз бірегей жолын таңдап отыр.

"Смарт-ұлт" тұжырымдамасы – осы бағыттағы басты идея. Ол білім, ғылым, мәдениет пен технологияны біріктіретін жаңа ұлт бейнесін қалыптастыруды көздейді. Цифрлық дәуірге бейімделген бұл жаңа ұлт моделінің негізінде – әділдік, заң үстемдігі, ашықтық, азаматтық жауапкершілік және мәдени ренессанс жатыр, - дейді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы ұлттық жаңғырудың негізі ретінде жастардың білімге ұмтылысын, қазақ тілінің рөлін, дәстүр мен заманауи мәдениеттің тоғысуын, экологиялық және цифрлық сауаттылықты ерекше атап өтті.

Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстан "цифрлық көшпенділердің" жаңа буынын тәрбиелеуі тиіс. Ол ұлттың рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамытып, елдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Мақала соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты", – деген сөзі келтіріліп, "Тоқаев моделінің" басты міндеті – осы сапаны нақты әрекетпен қалыптастыру екені баса айтылған.

Бұған дейін Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жоғарыда аталған мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болғанын жаздық.

Сондай-ақ, Әшімбаев қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отырғаны туралы да сөз етті. Ол "Біз кімбіз?" деген сауалға жауап бермей даму болмайтынын, жусанның иісіне же­тетін ешнәрсе жоқ екенін айтты.

Сонымен қатар, Сенат басшысы ұлттық саясаттағы бұрынғы қателіктерді атап өтті. Мақалада Ұлытаудағы құрылтай да жаңа дәстүрдің тікелей жалғасы екені жазылған. 

Мақалада жазылғандай, қазіргі креативті индустрия – ұлттық бірегейлікті жаңғыртудың негізгі тетігіне айналып келеді. "Тоқаев моделі" арқылы қазақылық жаңа сипат алып, заман талабына бейімделіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы