Сенат спикері Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

11 Желтоқсан 2021, 18:04
1289
Бөлісу:
Сенат спикері Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Сапар барысында ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Жетісу жұртшылығымен кездесуде Сенат Спикері Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының негізгі кезеңдеріне және еліміздің 30 жылда қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Мәулен Әшімбаев осы жылдар ішінде еліміз шекараны шегендеп, жаңа экономикалық жүйеге көшіп және оны нығайтып, мемлекеттік институттардың берік негізін қалағанын айтты.

Елбасының тарихи шешімімен Арқа төрінде жаңа елордамызды тұрғыздық. Астананы салу тұтас елдің экономикасына мультипликативті әсерін тигізді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы барлық сала мен өңірге қан жүгірткен еліміздің нағыз жүрегіне айналды, – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздік алғалы Алматы облысының өсіп-өркендегенін және осы кезеңде өңір тұрғындарының тұрмыстық жағдайы артқанын тілге тиек етті. Аймақта ірі кәсіорындар бой көтеріп, мыңдаған жұмыс орны ашылғанына назар аударды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары Қазақстанның дамуына тың серпін бергенін және соның аясында саяси, әлеуметтік реформаларды іске асыруға жол ашылғанын жеткізді.

Саяси бәсекенің нығаюына ықпал еткен маңызды шешімдер қабылданды. Әлеуметтік саланы дамытуға айтарлықтай назар аударылды. Мұғалімдердің, медицина, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы едәуір ұлғайды. Ұстаздардың мәртебесі өсті. Мүгедектерді қолдау бағытындағы заңнамалық база нығая түсті. Экономиканы әртараптандыру ісі жаңа қарқынмен жалғасын тапты, – деді Мәулен Әшімбаев.

Салтанатты іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та сөз сөйлеп, Тәуелсіздік күні мемлекеттілік пен халық бірлігінің жарқын көрінісі екенін айтты.

Осы жылдар ішінде зор мүмкіндіктерге жол ашылды, ауқымды бастамалар іске асырылды. Елбасының салиқалы саясатымен іске асырылған ұлан-ғайыр істерді қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Тарихқа тағзым ету, тұлғаларды тану, елдікті құрметтеу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәрімізге артылған үлкен міндет, бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Бұл ретте қарапайым азаматтардың мемлекет дамуына қосқан үлесі зор. Олар елдің ертеңіне сенді, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті, табандылық танытты. Соның бәрі Тәуелсіздігімізді нығайтуға өз септігін тигізді, – деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы мен облыс әкімі Жетісу жұртшылығын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, Президент атынан еліміз бен осы өңірдің дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Мәулен Әшімбаев облысқа сапары аясында «Талдықорған» жүзу бассейніне және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Студенттер үйіне арнайы ат басын бұрды. Одан бөлек, жергілікті Тәуелсіздік құрдастарымен кездесіп, егемендіктің 30 жылында атқарылған жұмыстың бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақты қолдауға бағытталғанын айтты. Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғау, оны қадірлеу және нығайту барша қазақстандықтың ең басты міндеті екенін, бұл ретте, әсіресе, жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін де тілге тиек етті.

Бүгін сіздер 2050 жылдың жастары үшін хат әзірлеп отырсыздар. Еліміз осы ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Бұл хатты сол үлкен елдік мақсатымыз орындалған қоғамның жастары оқиды деп сенеміз. Ал бүгінгі жас буын сол жарқын қоғамды қалыптастыру үшін аянбай еңбек етуі керек. Жастарымыз бұл міндетті абыроймен орындайды деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы