Сенат омбудсмен қызметіне қатысты заңды Мәжіліске қайтарды

20 Желтоқсан 2021, 11:29
1526
Бөлісу:
Сенат омбудсмен қызметіне қатысты заңды Мәжіліске қайтарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің айтуынша, бұл заң жобасын қабылдау - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформалардың маңызды және ажырамас бөлігі.

Бұл оқиғаның қаншалықты маңыздылығына асыра баға беру қиын. Қазақстан тарихында алғаш рет заңнамалық негізде ұлттық Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі, құзыреті және қызмет тәртібі айқындалады, - деді сенатор.

Шәкіров заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды:

1. Уәкілдің мәртебесі

Уәкіл заң жобасында тәуелсіз және ешбір мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғаларға есеп бермейтін жауапты мемлекеттік лауазымды иеленетін тұлға ретінде айқындалады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі және куәгерлік айғақтар беруден босатылады, - деді сенатор.

Сөзінше, омбудсменнің заңды қызметіне араласуға не кедергі келтіруге тыйым салынады. Сонымен қатар уәкілге саяси қызметпен айналысуға, мемлекеттік қызметте болуға, саяси партияларға қатысуға тыйым салынады.

2. Омбудсменнің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейеді

- Президентке, Парламент пен Үкіметке адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заң жобаларын әзірлеу, заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
- адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізу не қылмыстық істі жүзеге асыру туралы өтінішхатпен мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жүгінуге.

3. Шағымдарды қарастыру механизмі

Уәкілге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерттеу және талдау функциясы жүктеледі, бұл оның қызметіне дәйектілік пен алдын алу сипатын береді.

4. Уәкілдің өңірлердегі өкілдері

Заң жобасында Уәкілдің өңірдегі өкілінің мәртебесі мен қызметі бекітіледі. Оны осы лауазымға мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес Уәкіл тағайындайды және жұмыстан босатады. Өңірдегі өкіл әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жекелеген өкілеттіктеріне ие болады.

5. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық

Уәкілдің және оның өңірлердегі өкілдерінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жұмыс органы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық болып саналады.

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар құжатқа түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы