Сенат індетпен күресуге қосымша 238 млрд теңге бөлуге келісті

29 Қазан 2020, 11:42
5375
Бөлісу:
Сенат індетпен күресуге қосымша 238 млрд теңге бөлуге келісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке толықтыру мен өзгерту енгізу қабылданды.

Бұған дейін Мәжілістен қолдау тапқан заң жобасы Сенатқа жетті. Бұл заң жобасына толықтырулар мен өзгерту енгізудің басты мақсаты - медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдау. 

Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша шығыстар көзделіп отыр. Бұл қаржы мынандай бағыттар бойынша жұмсалады: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төлеу; тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге - 83,2 млрд теңге; ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақылар төлеуге – 11,7 млрд теңге,- дейді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген. 
Осы қаражат есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шара мен жобаны іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте барлық мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету көзделген. Бұдан басқа, бюджетті нақтылау аясында Президент жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды, - дейді министр.

Республикалық бюджет түсімдері 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5 пайыз деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы