Сенат: Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылады

19 Қазан 2023, 11:26
631
Бөлісу:
Сенат: Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылады
Фото: senate.parlam.kz

Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында жасалған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.

Осы келісімді жасау мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шараларын, оның ішінде сақтандыру жолымен қолдануды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыру болып саналады. Келісім құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды. Компанияның функцияларын және жарғылық капиталға қатысу үлестерін төлеу тәртібін бекітетін компанияның жарғысы келісімнің ажырамас бөлігі, - деп түсіндірді сенатор Серік Шайдаров.

Компания келесі мәселелерді шешуге көмектесу үшін:

- өзара сауда және инвестициялар көлемін ұлғайтуға;

- компанияға қатысушы мемлекеттер арасындағы экономикалық интеграцияны дамытуға;

- инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қатысушы мемлекеттердің үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге;

- компанияға жаңа қатысушылардың кіруі үшін ашықтық қағидатына сәйкес халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылған.

Бұл компания өз мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай функцияларды орындайды:

- қайта сақтандыруды және экспорттық кредиттерді қамтамасыз етуді жүзеге асыруды;

- қатысушы мемлекеттер мен үшінші елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерімен, сақтандырушыларымен және қайта сақтандырушыларымен өзара іс-қимылды жүзеге асыруды;

- қатысушы мемлекеттерде тәуекелдерді қайта сақтандыру кезінде тәуекелдерге бағалау жүргізуге, тәуекелдерді барынша азайтуға және залалдарды реттеуге жәрдемдесуді;

- қайта сақтандыру саласында маркетингтік зерттеулерді, консультациялық, зерттеушілік және ағартушылық қызметті жүргізеді.

Келісімді қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, сондай-ақ бірлескен бизнес-жобалардың үшінші елдердің нарықтарына шығуына белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы экспорттық-импорттық операцияларды қолдайтын ұйымдардың тәуекелдерін оларды қайта сақтандыру қорғанысымен қамтамасыз ету жолымен төмендетеді, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы