Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы қабылданды.
Аталған заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда алғаш рет «ҚР биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы мен «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасы әзірленді. Заң жобаларын әзірлеуді Денсаулық сақтау министрлігі, 13 мүдделі мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми-практикалық ұйымдарының, сондай-ақ кәсіпкерлік өкілдерінің белсенді қатысуымен жүзеге асырылды, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Ведомство басшысының айтуынша, Заң жобасының негізгі мақсаты – биологиялық қатерлерді ерте анықтау және болғызбау, халықтың денсаулығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігінің қорғалу деңгейін арттыру болып табылады. Негізгі Заң жобасы 8 тарау мен 32-баптан тұрады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заң жобасын Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің 2022 жылғы 26 сәуірде өткен кеңейтілген отырысында қаралды.
Заң жобасының міндеттері:
1) Биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін және биологиялық қатерлерді анықтау, болғызбау және олардың профилактикасы жүйесін құру;
2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдарды ведомствоаралық және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдарды айқындау, олардың құзыреттерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреттерін айқындау;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы орталықтандырылған есепке алу мен мониторинг, ден қоюдың үйлестірілген шараларын тұжырымдау және Қазақстан Республикасының аумағында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу мақсатында Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласынадғы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру;
4) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу саласындағы бақылау және рұқсат беру рәсімдері бойынша қолданыстағы нормаларды жүйелеу және жаңарту.
Заң жобасын қабылдау кезінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқарудың үйлестірілген жүйесін құру, патогенді биологиялық агенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құру күтіледі. Сонымен қатар заң жобасы биологиялық қатерлерді басқару жүйесін ендіру мен биологиялық қатерлерді болжау жүйесін құруға септігін тигізеді деп болжанып отыр.
Аталған заңда көрсетілген ережелер орталық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік органдардың биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіліктерін, өзара іс-қимыл тетігі мен қызметінің мазмұнын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
Заң жобасын іске асыру үшін 2022-2024 жылдарға 25,5 млрд теңге мөлшеріндегі шығындарды жабуға қаражат мақұлданған. Ол салалық қызметкерлерді әлеуметтік қлорғауды, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жабдықтау, биоқауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру мен жүргізуді, микроорганизмдердің коллекциясын ұстауға бағытталады.
Заң жобасында биологиялық қауіпсіздік, биологиялық қорғау, биологиялық тәуекел, қауіпті биологиялық фактор, патогенді биологиялық агент ұғымдары анықталған.