Семей топырағында ерекше қасиет бар – Абаев

28 Сәуір 2022, 10:25
2088
Бөлісу:
Семей топырағында ерекше қасиет бар – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев facebook әлеуметтік желісінде жазды.

Кеше заңғар тұлғамыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай Семей өңіріне жол түсіп, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған киелі өлкенің біраз жерін аралап қайттық. Данышпан Абайды дүниеге әкелген, Шәкәрімдей ғұлама мен Мұхтардай суреткерге тұғыр болған киелі топырақтың ерекше қуатын сезіндік. «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейіне, хакімнің туған жері Сырт-Қасқабұлаққа, Ақшоқыдағы Құнанбай музейіне бардық, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне зиярат еттік. Одан бөлек Абай музей-үйін тамашалап небір құнды тарихи жәдігермен таныстық. Сапар барысында Бөрілідегі М.Әуезовтің ата-анасының басына құран оқып, жазушы музей-үйінің жаңа экспозициясының ашылуында болдық. Жалпы, Шығыс Қазақстанның киелі нысандары, тарихи-мәдени орындары – ерекше құндылықтарға ие. Біздің міндет – осынау мұраларымызды барынша қорғап, өңірді этнографиялық әрі экологиялық туризмнің орталығына айналдыруымыз керек, – деді министр.

Сондай-ақ ол бағдарламада көрсетілгендей, өңір азаматтарын қабылдап, жергілікті халықтың көкейінде жүрген біраз жайт талқыланғанын айтты.

Кешке қарай Абай атындағы театрда мерейтойдың салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты басқосуда еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдарымызбен, өнер қайраткерлерімен бірге концерт тамашаладық. Әуезов – әлемдік тұлға. Кешегі Алаш қайраткерлерінің асыл мұраттарын, асқақ идеяларын ту еткен әйгілі суреткерді біз әлі де терең зерделеуіміз қажет. Әдебиетімізді биіктеткен, ел ертеңі үшін басын бәйгеге тіге жүріп соңына қыруар еңбек қалдырған кемеңгер тұлға тұғыры қашанда асқақ болуы тиіс. Жиында сөйлеген сөзімде де айттым: Ұлттық рухтың тірегіндей Семей топырағында ерекше қасиет бар. Ел ертеңі жолында тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үнемі насихаттай білуіміз керек. Мұхтар тойы – баршамызға ортақ той! Мерейтой құтты болсын! – деді Дәурен Абаев.

Өзгелердің жаңалығы