Сенат әкімдерді сайлау мен «Бәріне қарсымын» бағанын енгізуді қолдады

20 Мамыр 2021, 12:50
3013
Бөлісу:
Сенат әкімдерді сайлау мен «Бәріне қарсымын» бағанын енгізуді қолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Заң жобасының негізгі міндеттері:

1) сайлау жүйесін жетілдіру;

2) Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту;

3) Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін төмендету.

Заң жобасындағы жаңашылдық:

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдігіне кандидаттарды:

- өзін-өзі ұсыну тәртібімен (тиісті қалада немесе ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде 1%-ының кандидатты қолдап қол жинауы);

- саяси партиялардың өз мүшелері қатарынан ұсыну;

- егер ұсыну мерзімінің соңына екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің ұсынуы.

Кандидаттарға қойылатын талаптар: Қазақстан Республикасының азаматы; жасы 25-тен кіші емес; осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптары; барлық мемлекеттік қызметшіге қойылатындай жалпы шектеулер (соттылық, әрекетке қабілетсіздік және т.б.).

Кандидаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі.

Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі жұмыс істеп жүрген әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі – 30 күн.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылатын болады.

Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыс санының 7%-ынан 5%-ына дейін төмендету жөнінде нормалар енгізілді.

Барлық деңгейдегі сайлау бюллетенінің нысандарына «Бәріне қарсымын» бағанын енгізу.

Заң жобасынан күтілетін нәтижелер: сайлау жүйесін дамыту және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жергілікті қоғамдастық алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Осы заң жобасы әкімдерді тікелей халықтың сайлауына мүмкіндік береді. Ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Өзгелердің жаңалығы