Семейдегі Степной кентінде жаңа мектеп ашылды

24 Қазан 2022, 16:30
1330
Бөлісу:
Семейдегі Степной кентінде жаңа мектеп ашылды

Абай облысының орталығы – Семей қаласының Степной кентінде заманауи талаптарға сай 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Семейдің шетінде орналасқан Степной ауылында екі мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін мектеп оқушылары білім алу үшін басқа шағын ауданға баратын. 

Алдияр мен Ерболаттың жаңа мектебі қазір үйдің жанында.

Олар №11 мектепте оқып келді. Өте қиын болды. Мектеп автобусымен жүретін. Осындай үлкен мектептің салғанына өте қуаныштымыз. Мектеп үйге жақын, енді балаларымыз үшін қорықпаймыз, – дейді олардың анасы Жұмабике Қисабекова.

Ауыл тұрғындары көп жылдар бойы мектеп салуды сұрап келген. Заманауи ғимарат бір жарым жыл ішінде тұрғызылды.

Жаңадан салынған мектепте спорт залы, 108 орынға арналған асхана, 100 орынға арналған акт залы, зертханалар мен шеберхана, жаңа модификациядағы кабинеттер бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы 24 ішкі және 15 сыртқы бейнекамера орнатылған.

Оқу кабинеттері 19 интерактивті тақтамен, 19 маркерлі тақтамен, 23 теледидармен жабдықталған. Физика, химия-биология кабинеттері жанынан зертханаллар ашылған. Физика кабинетінде парталарға электр желісі тартылған, ал химиябиология кабинетіндегі әр партаға су және кәріз құбырлары қосылған, – дейді Семей қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Біржан Балабаев. 

13 оқушы жеке отырып, білім ала алатын 2 информатика кабинеті компьютерлермен жабдықталған. Кітапхана қоры қомақты, мұнда 20 орындық оқу залы бар.

Медициналық кабинетте тексеру және екпе шаралары жүзеге асырылып, алғашқы көмек көрсетіледі. Кең спортзалдың жуынатын, киім ілетін бөлмелері бар. Ауладағы волейбол, баскетбол, футбол алаңдары спортпен айналысуға толық мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы