Семейде сот колледждің бірінші курс студенттері арасындағы буллинг фактісі бойынша істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот мәліметінше, колледждің бірінші курс студенті екі аптадан астам уақыт бойы жатақхана мен оқу орнында басқа кәмелетке толмаған баланы жүйелі түрде қорлап келген. Ол басқа балаға физикалық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым көрсеткен.
Кәмелетке толмаған бала күш қолданып, жәбірленушіні қорлау мақсатында оны тұншықтыру фактісін бейнежазбаға түсіріп, оны балағат сөздермен бірге білім алушылардың ортақ чатында таратқан. Сонымен қатар, колледж аудиториясындағы бейнебақылау камераларына оның жәбірленушіге қарай партаны итерген сәті жазылған, – деп атап өтті соттағылар.
Нәтижесінде, жасөспірімнің іс-әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабы 3-бөлігінде қарастырылған кәмелетке толмағанды қорлау, буллингке сәйкес келеді деп танылды. Мұндай жағдайлар үшін жауапкершілік ата-аналарға жүктелетіндіктен, іс жасөспірімнің анасына қатысты қаралды.
Сот кәмелетке толмаған құқық бұзушы тарапынан физикалық және психологиялық сипаттағы агрессияның жүйелі түрде орын алғанын ескерді. Сот қаулысымен кәмелетке толмағанның анасынан 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілді, – деп толықтырды сот өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы мектептегі пышақпен шабуылға қатысты күдіктінің анасы буллинг туралы мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қысым көрсетіп, жұмыс істеткен: Жамбыл облысында буллинг үшін ата-аналарға айыппұл салынды
Алматыда жасөспірімдер мектептегі төбелестерді видеоға түсіріп, TikTok-қа жүктеген
Құлсарыдағы балтамен шабуыл оқиғасы: Оқушының анасы буллинг туралы шындықты айтты