Семейде салынатын қоқыс полигоны экологиялық талаптарға сай болмақ

3 Сәуір 2021, 16:44
2253
Бөлісу:
Семейде салынатын қоқыс полигоны экологиялық талаптарға сай болмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семейде салынатын тұрмыстық-қатты қалдықтар полигоны мультипликативті әсер беріп, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының мөлшерін 40 пайызға азайтады.

Естеріңізге салсақ, аталған полигон жергілікті биліктің Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе қолға алған жобасы болып келеді. Бүгінгі таңда «Жасыл қалалар» экологиялық жобасы ТМД мен Еуропаның бірқатар елдерінде енгізіліп, тұрғындар тарапынан қолдау тапқан. 

Семейдегі тұрмыстық-қатты қалдықтар төгілетін жаңа полигон мультипликативті әсер бермек. Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі әрі Еуразия аймағы бойынша инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Бахтиер Файзиевтің айтуынша, полигон іске қосылса ауаға тарайтын көмірқышқыл газы 40 пайызға төмендеп, метанның жарылу қаупі азаяды, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік болады. 

2024 жылға қарай адамдардың тұратын жерлеріне байланысты бұл қызметке төленетін төлемақы 350-450 теңгенің аралығын құрайтын болады. Сарапшылардың болжамынша, жаңадан 95-100 жұмыс орны ашылады. Полигон аумағында өндіріс және әкімшілік ғимараттар салынып, қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар жиналатын алаңқай дайындалады. Өстіп, кәсіпорын аумағы барлық санитарлық талаптарды орындап отыратын болады, - деді Бахтиер Файзиев. 

Аталмыш кәсіпорын шынымен де экологиялық кодекс талаптарына сай жұмыс істейтін ұйым болмақ. Ол жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, сонымен қатар тұрмыстық-қатты қалдықтарды 30 пайызға дейін қайта өңдеуден өткізуге мүмкіндік бермек. Бұл аумағы мен халқы тез өсіп келе жатқан Семей шаһары үшін бірінші кезектегі қажеттілік.

Өзгелердің жаңалығы