Семейде өртенген әр ағаш кесіліп, орманды қалпына келтіру үшін жұмсалады

27 Маусым 2023, 15:02
814
Бөлісу:
Семейде өртенген әр ағаш кесіліп, орманды қалпына келтіру үшін жұмсалады
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің арнайы комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Абай облысының баспасөз қызметі мәлім етті.

Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі, «Ақ Ертіс» ҚҚ, Абай облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері қатысты. 

Жиын барысында «Абай облысында өртке оранған ағаштарды кесіп, одан түскен қаржыны толығымен орманды қалпына келтіру үшін бақылайтын қор ашу», «Күйген ағаштарды кесу, оны жою барысын бақылайтын комиссия құру», сондай-ақ, «Семей орманы» мамандары өртенген ағаштарды кесуді бастау жұмыстары мен қалпына келтіру бойынша ақпарат берілді. 

Семейде өртенген әр ағаш кесіліп, орманды қалпына келтіру үшін жұмсалады

Айта кетсек, өртенген әр орман ағашынан түскен қаржы міндетті түрде қайта жасыл желекті қалпына келтіру үшін жұмсалатын болады.

Жұмыс барысын қоғамдық комиссия өкілдері бақылайды және бұл ретте әкімдік тікелей қолдау көрсетеді. 

Ағаштарды кесу барысында барлық қажетті шараларды жасау қажет. Барлық қаражатты орманды қалпына келтіруге бағыттау керек. Бұл процесті және оның орындалуын бақылауда ұстайтын құзыретті адамдарды сайлау маңызды. Инвестициялық компанияларды да табу керек, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Мұрат Сүлейменов. 

Өз кезегінде Абай облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Данияр Тоқтыбаев бұл реттегі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жиын барысында орман өрті кезінде өртенген ағаштарды кесу мен сатуды бақылайтын арнайы қор құру туралы шешім қабылданды. 

Әкімдік бұл бастаманы қолдайды. Құрамына білікті мамандар, қоғам қайраткерлері кіретін жұмыс тобы құрылады. Қордың мақсаты – қаражатты жинау. Олар орманды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталады, - деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты директорының міндетін атқарушы Мұрат Кәрімов бүгінде резерват аумағында мамандардың тексеру жүргізіп жатқанын, келтірілген шығынды анықтайтынын жеткізді. 

Сараптамадан кейін кесу алаңдарын бөлу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін санитарлық шаралар қажет. Осыдан кейін ғана, мамандар ағаштарды кесумен айналысады. Осы процесте түскен барлық қаражат орманды қайта қалпына келтіруге бағытталады, - деді Мұрат Кәрімов. 

Жиында «Ақ Ертіс» пен «Semey Show» өкілдері де сөз сөйлеп, жиналған қаржы туралы ақпарат берді. Жиналған қаражат қаза болғандардың отбасыларына, сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын болады.

Өзгелердің жаңалығы