Сегіз өңірде сырқаттану деңгейі 6 есеге өсті

23 Маусым 2020, 09:43
6699
Бөлісу:
Сегіз өңірде сырқаттану деңгейі 6 есеге өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

23 маусымда республикада 28 856 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелді. Оның 18 231-і симптомы бар науқастар болса, 10 625-і симптомсыз жағдай. Өткен аптада 7840 жағдай тіркелді. Оның 2923-і (37%) симптомы бар жағдай болса, 4917-і (63%) симптомсыз болды. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,4 есеге өсті, - деді ол.
Бас санитар брифинг барысында өңірлердегі өсім деңгейіне де тоқталды.
Сегіз аймақта - Ақмола, Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында өткен аптамен салыстырғанда сырқаттану 2 еседен 6 есеге дейін өсті. Бес аймақта - Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында сырқаттану 20%-дан 50%-ға дейін өсті. Қалған төрт өңірде – Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында аурудың өсу деңгейі байқалмады, - деді  Есмағамбетова.
Айжан Есмағамбетова жалпы жағдайдың 37%-ы вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдар арасында тіркелгенін мәлімдеді.

Яғни, жұмыста, отбасында және қоғамдық ортада вирус жұқтырғандармен байланыс қаншалықты көп болса, вирустың таралу деңгейі де соншалықты тез болады.

Ал, 38%-ы профилактикалық тексеру кезінде анықталған. 25%-ы жіті респираторлық инфекциямен ауыратын пациенттердің арасында анықталған. Сырттан әкелген жағдай – 0,3%. Өткен тәулікте елімізде сырқаттанудың 499 жаңа жағдайы, 816 симптомсыз вирус тасымалдаушы тіркелді. Пандемия басталғалы бері елімізде 127 науқас қайтыс болды, 11 157 адам емделіп шықты. Бір тәулік ішінде 261 адам емделді. 17 571 науқас тиісті ем-дом шараларын қабылдап жатыр. Стационарда 8229, амбулаторлық бақылауда 9342 адам бар.

Еске салайық, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Коронавирустық инфекцияны диагностикалау және емдеу туралы" мәселе қозғалды.

Өзгелердің жаңалығы