Сегіз айда ЖІӨ 4,3% өсті – Руслан Дәленов

10 Қыркүйек 2019, 11:09
1972
Бөлісу:
Сегіз айда ЖІӨ 4,3% өсті – Руслан Дәленов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 8 айдың қорытындысын жария етті. 

«Биылғы жылғы тамызда ел экономикасы орнықты серпінді сақтады. 8 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,3% дейін жеделдеді. Бұл барлық халықаралық рейтингтік агенттіктер еліміздің кредиттік рейтингін инвестициялық тартымдылық деңгейінде растады. Бұл ретте Moody's болжамды тұрақтыдан позитивтіге жақсартты. Өсудің басты факторлары инвестициялық бәсеңділік және нақты сектордағы өндірістің ұлғаюы болып отыр», - дейді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, инвестициялардың өсімі 10,7%-ды құраған. 

"Ең жоғары инвестициялық өсім ауыл шаруашылығында, құрылыста, саудада  және өнеркәсіпте байқалды. Жылдық инфляция нысаналы дәліз шегінде сақталып, 5,5% құрады", - деді министр.

Өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері 3,2%-ға дейін өскен. Бұл жөнінен өңдеу өнеркәсібі кен өндіру өнеркәсібінен алда тұр екен.

«Көмір өндіру бойынша жағдай айтарлықтай жағымды емес. Осы жылғы қаңтар-тамызда өндіріс көлемінің қысқаруы жалғасты. Төмендеу 3,0%-ті құрады. Ал құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 11,8% өсті. Қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналымы 1,7% өсіп, 53,8 миллиард долларға дейін ұлғайды.Экспорт көлемі 32,9 миллиард долларға жетті. Импорт 20,9 миллиард долларды құрады», - деді Руслан Дәленов.
Өзгелердің жаңалығы