Сайлау саясатқа жас та білікті азаматтарды әкелуі керек – сарапшы

22 Қаңтар 2023, 10:20
1811
Бөлісу:
Сайлау саясатқа жас та білікті азаматтарды әкелуі керек – сарапшы

Мемлекет басшысы кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлауы 19 наурызда өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев алда өтетін саяси науқанға қатысты ойын айтты.

Ол Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат сайлауын өткізу – еліміздегі саяси трансформацияның заңды кезеңі деп есептейді.

Былтыр елімізде саяси жүйеде ауқымды реформалар жүргізіле басталды, оның маңызды кезеңдері - Республикалық референдум, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу және ел Президентін кезектен тыс сайлау. Қазақстандық қоғамның қолдауымен Конституцияға енгізілген түзетулер биліктің заң шығарушы және жергілікті өкілді органдарын қалыптастырудың жаңа үлгісін белгілейді. Сондықтан жаңа нақты жағдайда бұл институттардың конституциялық заңнаманың жаңа нормаларын ескере отырып құрылуы маңызды, - деп айтты Тимур Жұмырбаев.

Сарапшының сөзінше, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымын таратып, кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу атүсті қабылданған шешім емес, бұл қоғамға, оның ішінде саяси күштерге алдын ала жарияланған болатын. Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында саяси науқандардың күнтізбесін нақты белгілеп берді.

Президент атап өткендей, бұл бастама жарияланған сәттен бастап дауыс беру күніне дейінгі кезең алты айдан астам уақытты құрайды. Тәуелсіздік жылдарында кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау науқанына дайындалуына мұндай көп уақыты болған емес.

Енді Мәжіліс мен мәслихат депутаттары сайлаушылардан жаңа сенім мандатын алу мүмкіндігіне ие болды. Сайлау процесіне «сайлаушы-депутат» парадигмасын жаңаша құруға мүмкіндік беретін өте маңызды нормалардың енгізілгені маңызды. Мәжіліс пен мәслихаттар ішінара көпшілік принципі негізінде құрылады. Бұл сайлаушыларға сенім мандатын кімге беретінін нақты түсінуге мүмкіндік береді, - дейді Жұмырбаев.

ҚХА мүшесінің айтуына қарағанда, бұл сайлау ықпалды Парламент пен жергілікті мәслихаттарды қалыптастыруға мүмкіндік беріп, тиісінше жаңа тиімді мемлекеттік басқарушылардың пайда болу мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс. 

Реформалар көптеген процедураларды, соның ішінде саяси партиялардың құрамына кірмейтін қоғам қайраткерлері үшін де жеңілдетілді. Сайлау тың серпін беріп, саясатқа жас та білікті азаматтарды әкелуі керек деп ойлаймын. Алда экономикалық, әлеуметтік және басқа да процестерді реформалаудың үлкен кезеңі тұр. Көп жүйе халықаралық тәжірибені зерттеуді ескере отырып, жаңа көзқарасты қажет етеді, - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар Конституцияға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттарды ұсыну тәртібі өзгертілді. Енді ҚХА Парламенттің жоғарғы палатасында президент квотасына кіретін 5 сенаторды ұсынады. 

Өзгелердің жаңалығы