Сайлау нәтижесі. Трамп сотқа жүгінетінін ескертті

8 Қараша 2020, 21:36
1620
Бөлісу:
Сайлау нәтижесі. Трамп сотқа жүгінетінін ескертті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабы поштамен жіберілген бюллетендерді қабылдау және санау процедурасының заңдылығын тексеруді сұрап бірнеше штаттағы федералдық сотқа арыз түсірді. Мұның соңы сайлау нәтижесіне әсер ете ме, жоқ па, әлі белгісіз.

Азаттықтың мәліметінше, Трамп штабы Висконсин штатындағы дауыстарды қайта санауды да талап етіп отыр. Конгрестегі Республикалық партия фракциясының басшылары Джо Байденнің сайланған президент ретіндегі сөздеріне еш реакция білдірмеді.

Тек Өкілдер палатасындағы Республикалық партияның мүшесі Стив Скалис Twitter-де қалдырған жазбасында соттарға жіберілген салмақты арыздар бойынша шешім қабылданбайынша, сайлаудың қазіргі қорытындысын соңғы нәтиже деп тануға болмайды деді.

Десе де, конгрестегі республикашылдардың кейбірі, соның ішінде Дональд Трампты қатты сынап жүрген Митт Ромни мен Адам Кизингер сайлау қорытындысын мойындайтын кез келді деді. Ал Республикалық партия атынан сайланған консерватор конгресмендер Трампты күресті жалғастыруға шақырды.

Америка ақпарат құралдары Джо Байден сайлаушылар алқасындағы президент болып сайлануға жеткілікті 270 дауысты жинады деп хабарлағаннан бірнеше сағат өткен соң, сенбі күні кешкісін, Байден сайлау штабы орналасқан Делавэрдегі Уилмингтон қаласында жиын өткізіп, сөз сөйледі.

Америкалықтарға қайырылған Джо Байден «жарақаттарды емдейтін» уақыт келді деді және «елді екіге жаратын емес, біріктіретін» басшы болуға уәде берді.

Бүгін көңілі құлазып тұрғандарды түсінемін. Өзім де бірнеше рет жеңілгенмін. Бірақ, келіңіздер, бір-бірімізге мүмкіндік берейік. Мен елді бөліп-жаратын емес, біріктіретін президент болуға уәде беремін. Мен көк және қызыл штаттарды емес, Америка Құрама Штаттарын көретін президент боламын, – деді сайланған президент.
Өзгелердің жаңалығы